
Қазақстан әлемге танымал FIFA футбол симуляторына ресми түрде енуі ықтимал. Бұл туралы блогер, киберспортшы және «Ордабасы» фарм-клубының бұрынғы қызметкері Арман Пірманов әлеуметтік желіде мәлімдеді.
Оның айтуынша, FIFA ойынын әзірлеуші Electronic Arts компаниясы Қазақстан футбол федерациясына ресми хат пен келісімшарт жіберген. Құжат 3 қарашада жеткізілген.
«Electronic Arts КФФ-қа арнайы хат жолдады. Қазір федерация басшылығының қол қоюын күтіп отырмыз. Қол қойылғаннан кейін жұмыс басталады. Осы мақсатпен келдім. Үміттенемін, ертең немесе арғы күні бұл мәселе шешіледі. Өздеріңіз білесіздер, басшылық қазір Хорватияда жолдастық матчта», – деді Пірманов Instagram парақшасында.
Ол EA компаниясымен серіктестік қалыптастыру – көптен бері көзделген басты мақсаттың бірі екенін атап өтті.
«Бұл – әлемдік деңгейдегі ірі студия. Бізге ресми түрде хабарласып, келісімшарт жіберді. Соңғы келісулер ғана қалды. Егер алдағы күндері қол қойылса, 30-ына дейін уақытымыз бар. Бұл – ұлттық құраманы, Қазақстан чемпионатын немесе бір клубты ойынға енгізу бағытындағы маңызды қадам», – деді ол.
Айта кетейік, Electronic Arts – бүкіл әлемге белгілі FIFA ойындарының әзірлеушісі.
В Атырау -1