Атырау, 19 желтоқсан 22:23
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.55
€ 602.09
₽ 6.42

​Құлсарыда аулада тұрған малды жыртқыш қырып кеткен

484 рет қаралды

Жылыой ауданы Құлсары қаласында "Сегізінші" ауылда бір тұрғынның ауласындағы малды белгісіз жыртқыш қырып кеткен.

Оқиға қарашаның 17-18-не қараған таңда, сағат 07.30-да орын алған. Мал жабық аулада тұрған. Бірнеше бас қой-ешкінің бірін тамағынан орып, енді екіншісінің құйрығын жұлып алып, жұлмасын шығарыпты. Малдың сирағын, кей жерін жеген, тек тістелеп өлімші етіп жарақаттапты. Бірде-бірі тірі қалмады, ветеринарлар келіп өртеп жойды. 

"Үрген дыбыстарына қарап, малды қырған оншақты ит деп болжап отырмыз. Енді ауламыз малдан ада болып, бос қалды", - дейді Ерлан ТӨЛЕП. 

Жалпы Құлсары қаласында бұралқы, қаңғыбас иттердің көбейіп кеткені жөнінде шағым көп. "Үшінші" ықшам аудандағы тұрғын кештетіп дүкенге шығып, ырылдасып топ болған иттен қорыққанын айтады. Жазда бір ешкіні бірнеше ит талап тастады, видеосы чатта жарияланды. 

Құлсарылықтардың пікірі екіге жарылып отыр, бірі аудадағы малды қырған ит десе, екіншісі иттер бұлай жасамайды, шибөрі, болмаса жабайы мысық тектес аң болуы мүмкін дейді. 

Қала әкімі Қадыржан Адиновтың айтуынша, жыл басында жануардың санын реттеуге 15 млн теңге қаралып, тендерді ЖК "Нұрбаев" жеңіп алған. Қалада иттерді уақытша ұстайтын 10-15 орындық питомник бар. Күн суытқасын кейде елді мекендерге жабайы аңдар шығуы мүмкін, сондықтан тұрғындар сақ болғаны жөн деп атап өтті ол. 

«Негізі иттерді ұстаудың өз тәртібі бар, құжаты болуы тиіс. Осы бізде сақтала бермейді. Ал аулаға түсіп, малды қырған ит те болмауы мүмкін, шибөрі, жабайы мысықтың ашығатын кезі бұл.  Жалпы сақ болу керек», - дейді әкім. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

20 қараша, 18:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.