
Атырау облысында 18–23 қараша аралығында республикалық «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Оған жол-көлік оқиғаларының алдын алу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жолда сақтыққа шақыру мақсатында патрульдік полиция қызметкерлері белсенді қатысты.
Іс-шара аясында полицейлер Атырау облыстық қан орталығына келіп, әрқайсысы 450 мл қан тапсырды. Жалпы алғанда, донорлық акцияға қатысушылар шамамен 6 литр қан беріп, бірнеше адамның өмірін сақтауға мүмкіндік жасады.
Полиция қызметкерлері өз сөзінде жол-көлік оқиғаларында қан жоғалтудан зардап шеккен адамдарға жиі куә болатынын айтып, донор болудың маңызын түсінетіндерін жеткізді. Қан орталығы мамандары полицейлердің осындай белсенділігін жоғары бағалап, мұндай үлгілік іс-қимылдың қоғамға оң әсер беретінін атап өтті.
Бұл акция полицейлердің тек құқық тәртібін сақтаумен шектелмей, азаматтардың өмірін қорғауға бағытталған әлеуметтік бастамаларға да белсенді үлес қосатынын көрсетті. Атырау полицейлері алдағы уақытта да осындай қайырымдылық және қоғамдық маңызы бар шараларға қатысуын жалғастырады.
В Атырау -1