Жол полициясының қызметкерлері той салтанаты шеруінің алдыңғы жағында «мигалкамен» келе жатқан «Мерседес-Бенц» көлігін тоқтатты. Жүргізуші Ресейде бөлшек сауда нүктесінен көк түсті жалтылдайтын шамды сатып алғанын түсіндірді. ҚР Әкімшілік кодексінің 464-бабы («Арнайы жарық түсiру аспаптарын және дыбыс сигналдарын пайдалану») бойынша хаттама толтырылды.
***
ҚІІБ-на Атыраудың 38 жастағы тұрғыны хабарласты: 55 жастағы Ақтөбе қаласының тұрғыны жаңа көлік әкеліп беремін деп уәде беріп, одан 27 мың доллар алып, ғайып болған. Күдіктіге іздеу жарияланды.
***
Жылыой АІІБ-не Құлсары қаласының 30 жастағы тұрғынынан шағым түсті. Оның үйіне Қосшағыл селосынан 28 жастағы танысы кіріп келіп, күшпен қолындағы 2 алтын сақинасын шешіп алып, көзден таса болған. Күдіктіге іздеу жарияланды.
***
Қыркүйектің 21-інде кешкісін Атырау ықшамауданында Жібек жолы көшесіндегі жеке үйдің ауласында сарай өртенді. Өртті көршілері өшірген. ҚР ТЖМ баспасөз қызметі хабарлағандай, өрт кезінде алынған күйіктен 11 жасар қыз қаза болды.