Атырау, 19 желтоқсан 22:27
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.55
€ 602.09
₽ 6.42

Мексика президенті АҚШ әскерін елге кіргізуге қарсы шықты

225 рет қаралды

Мексика президенті Клаудия Шейнбаум АҚШ президенті Дональд Трамптың елге Америка әскерін кіргізу туралы ұсынысын ашық түрде қабылдамады. Бұл ұсыныс АҚШ-тың Мексикадағы есірткі картельдеріне қарсы күрес аясында жасалған болатын, деп хабарлайды АА. 

Ұлттық сарайда өткен күнделікті баспасөз мәслихатында сөйлеген сөзінде Шейнбаум бұл бастаманы қатаң сынға алып, Мексика аумағындағы кез келген операцияны тек өз мемлекеті жүргізетінін мәлімдеді.

«Мен Трампқа бірнеше рет айттым: біз ынтымақтастыққа дайынбыз, олар бізге бар барлау деректерімен көмектесе алады. Бірақ біздің жерімізде операцияны тек өзіміз жүргіземіз. Біз ешбір шетелдік үкіметтің араласуын қабылдамаймыз», — деді Шейнбаум.

Оның айтуынша, Трамппен телефон арқылы сөйлескен кезде де ол бұл ұсынысты үзілді-кесілді қабылдамаған. «Ол бірнеше рет: “Қажет болса, біз әскер жіберуге дайынбыз” деді. Мен тек ынтымақтастыққа дайын екенімді айттым», — деп нақтылады президент.

Шейнбаум ұлттық егемендікті сақтау — басты басымдық екенін атап өтті. Оның айтуынша, АҚШ-пен арадағы келісімдер тек өзара құрмет пен тең құқықты серіктестікке негізделуі тиіс.

«Біздің келісімдеріміздің алғашқы шарттары айқын: егемендікті құрметтеу, аумақтық тұтастықты сақтау және ешқандай үстемдіксіз ынтымақтастық. Біз ешбір елдің араласуын қаламаймыз», — деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін, 5 қарашада да Шейнбаум Трамп әкімшілігінің Мексикаға әскери немесе барлау қызметкерлерін жіберу жоспары бар деген ақпаратты жоққа шығарған болатын. Ол кезде де президент Мексика кез келген сыртқы араласуға қарсы екенін мәлімдеген.

Ал Трамп жақында берген сұхбатында Мексикаға америкалық әскер жіберу оның үшін қиындық тудырмайтынын айтқан еді. Алайда Мексика тарапы мұндай қадамды егемендікке қол сұғу деп бағалайтынын ашық білдірді.

19 қараша, 12:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.