
Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі неге 2027-2028 жылдарға шегерілгенін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрдің айтуынша, басты себеп – қаржылық жағдай мен алда тұрған реформалардың нәтижесін күту.
«Бұл – қаржыға байланысты мәселе. Қазір салық және қаржылық реформалар басталды. Ең алдымен қаржылық тұрақтандыру керек. Алдағы жылы реформалардың қалай жүзеге асатынын көреміз. Салықты қаншалықты тиімді жинаймыз? Нарықтағы сыртқы және ішкі жағдай қандай болады? Осы факторлар маңызды», – деді Жұманғарин.
Оның сөзінше, 2025 жылдың бірінші жартысында 2027-2029 жылдарға арналған жаңа бюджетте ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі қаралады.
«Әрине, ең төменгі жалақыны көтеруге тырысамыз. Себебі уақыты келді. Бірақ қаншалықты және қандай көлемде көтерілетіні реформалардың қорытындысына байланысты», – деп түсіндірді вице-премьер.
Еске салсақ, бүгінгі Үкімет отырысында Серік Жұманғарин макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарын таныстыра отырып, ең төменгі жалақыны арттыру 2027-2028 жылдарға жоспарланып отырғанын айтқан еді.
В Атырау -1