Атырау, 19 желтоқсан 22:21
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.55
€ 602.09
₽ 6.42

Азық-түлік қымбатап жатыр: үкімет жан-жақты талдау жүргізбек

277 рет қаралды
Сурет: Үкіметтің баспасөз қызметі
Сурет: Үкіметтің баспасөз қызметі

Үкімет азық-түлік бағасына бақылауды күшейтіп, тауарлар қоржынына жан-жақты талдау жүргізуге кірісіп жатыр.  

Инфляцияны тұрақтандыру мәселелері қаралған Үкіметтің апта сайынғы кеңесінде вице-премьер, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Сауда және интеграция министрлігіне азық-түлік қоржынының құрылымына терең талдау жүргізуді тапсырды. Министрлік бағаның өсуін тежеуге бағытталған нақты шаралар әзірлеуі тиіс.

Бағалардың қазіргі динамикасы

Қарашаның алғашқы екі аптасында әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы жалпы есеппен 0,1% өскен. Сәбіз (–1,7%), орамжапырақ (–1,8%) және пияз (–0,4%) арзандағанымен, картоп бағасының айтарлықтай қымбаттауы байқалды.

Соңғы аптада картоп бағасы 0,2%-ға, қарашаның екі аптасында — 2,2%-ға көтерілген. Ел бойынша оның орташа құны – килограмына 188 теңге.

Картоп экспорты ішкі бағаларға әсер етті

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың ақпаратынша, картоп бағасының 4–5 аптада 4,5%-ға қымбаттауына экспорт көлемінің қайта артуы себеп. Соңғы екі айда 300 мың тонна картоп экспортталды. Жақын күндері тағы 200 мың тоннаға келісімшарт жасалған.

Бұл көлем елдің азық-түлік қауіпсіздігі үшін белгіленген 500 мың тонналық шекке жақындап қалғанын көрсетеді.

Осыған байланысты вице-премьер картоп қорының жеткілікті көлемін қамтамасыз ету мәселесін ведомствоаралық комиссияның қарауына шығаруды тапсырды.

Жұмыртқа мен құс еті де қымбаттап жатыр

Қарашаның екі аптасында тауық жұмыртқасы мен құс еті 0,4%-ға қымбаттады. Негізгі себеп — жем-шөптің және импорттық құрамдас бөліктердің бағасының өсуі.

Айжан Бижанованың айтуынша, күнбағыс майын өндірушілер құс фабрикаларын арзан маймен қамтамасыз еткен. Алайда бағаны ұстап тұру үшін арзандатылған астық та қажет.

Серік Жұманғарин Азық-түлік корпорациясына құс фабрикаларын резервтен жемдік астықпен қамтамасыз етуді, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде арзан құс еті көлемін арттыруды тапсырды.

Қарақұмық жармасы қарашаның алғашқы екі аптасында 1,3%-ға өскен. Осыған байланысты Азық-түлік корпорациясына тұрақтандыру қорларын толықтыру үшін қосымша көлемді тікелей сатып алу жүктелді.

“Негізгі фактор – азық-түлік бағасы” — Жұманғарин

Вице-премьердің айтуынша, коммуналдық тарифтерді өсіру уақытша тоқтатылған. Сондықтан инфляцияға әсер етіп отырған негізгі фактор — азық-түлік тауарларының бағасы.

Бұл тек әлеуметтік маңызы бар өнімдерге ғана емес, азық-түлік қоржынына кіретін барлық тауарларға қатысты. Сол себепті министрлікке:

  • қоржын құрамын қайта қарау,
  • бағаны тұрақтандыруға қатысты ұсыныстар әзірлеу міндеті жүктелді.

Тауар айналымы толық бақылануы тиіс

Сондай-ақ нарықтағы артық делдалдарды азайту, құжат айналымы мен бақылауды күшейту тапсырылды.

Бұл шаралар нарықтың ашықтығын арттыруға, шығындарды төмендетуге, бағаны қолжетімді деңгейде сақтауға

мүмкіндік береді.

18 қараша, 16:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.