Гүлім өзінің қолынан шыққан «дүниелеріне» клиенттерінің риза болғанын жүздерінен танып, қуанып қалады. Ол сол сәтте қағазға өзінің де риза болғанын жазып үлгереді.
Гүлімнің құлағы тумысынан естімейді. Бірақ ол өмірдің мұнымен тоқтап қалмайтынын біледі. Оның Исатай ауданы Тұщықұдық селосынан шыққан жігітпен көңіл қосып, отбасын құрғандарына бес-алты жыл болыпты. Гүлімнің күйеуі Батырбек САҒЫНҒАЛИЕВТІҢ де құлағы естімейді. Екеуі саңыраулар қоғамында жүріп танысқан, қолдары алтын.
- Мен бақытты анамын, отағам, екі балам бар. Бүлдіршіндерімнің дені сау, соған қуанамын, -дейді Гүлім БАЙЗАҚОВА (суретте).
Гүлім ісмер болса, Батырбек – шаштараз. Екеуі қолдарынан келетін істі дамытып, кәсіптерін кеңейтуді көздейді. Олардың ертеңгі күнге деген сенімдері мол.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор