
Шымкентте жас жігіт әлеуметтік желіде хайп қуамын деп аса қауіпті әрекетке барған. Ол «ерекше көрініс түсіру» мақсатында көлігін мұнаралық кран арқылы 12-қабатты тұрғын үйдің шатырына көтеріп, шамамен 40 метр биіктікте дрифт жасаған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жігіт қала көшелеріндегі немесе арнайы алаңдардағы дрифтті тым қарапайым деп санап, бейнероликке ерекше эффект қосу үшін осындай заңсыз қадамға барған. Алайда оның бұл әрекеті тек өзі үшін ғана емес, бүкіл үй тұрғындары мен айналадағылар үшін үлкен қауіп тудырды. Мұндай биіктікте дрифт жасау қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзып, көліктің шатырдан құлау қаупін күшейтетіні белгілі.
Оқиға туралы хабар түскен бойда полиция дереу іске араласып, жүргізушіні анықтады. Оның үстінен әкімшілік іс қозғалып, көлік айыптұраққа жеткізілді. Құзырлы органдар жас жігіттің әрекеті бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын мәлімдеді.
Мамандардың айтуынша, мұндай бейсаналы әрекеттер тек тікелей қатысушыларға ғана емес, көпшілікке де қауіпті. Сонымен қатар, мұндай видеолардың әлеуметтік желіде таралуы басқа жастардың да осындай әрекеттерге еліктеуіне себеп болуы мүмкін.
Қалалық полиция тұрғындарға заң талаптарын қатаң сақтауды ескертіп, көлікті қауіпті жерде айдау немесе ғимараттарға шығару адам өміріне тікелей қауіп төндіретінін атап өтті.
В Атырау -1