
Алматы облысы полиция департаменті Ұйғыр ауданында шетел мемлекетінің туы мен оның көшбасшысының бейнесін өртеген азаматтарға қатысты шара қолданылғанын мәлімдеді. Бұл туралы Sputnik.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды. Полиция қай елдің жалауы өртелгенін нақтыламаған.
Полиция дерегіне сүйенсек, бір топ азамат алдын ала рұқсатсыз жиын өткізген. Сот шешімімен 12 адам Әкімшілік кодекстің 434-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынған.
Сонымен қатар, тағы алты қатысушыға 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынған.
Оқиғаға байланысты «Алауыздық тудыру» бабымен қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Полиция өкілдері мемлекеттік рәміздерге қол сұғатын, қоғамдық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін кез келген әрекеттің заңға қайшы екенін ескертті.
Облыстық полиция департаменті мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті. Қоғамдық тәртіпке зиян келтіретін кез келген әрекет заң аясында қатаң түрде тоқтатылатыны жеткізілді.
В Атырау +4