
Қазақстанда кальян пайдалануға қатысты қолданыстағы шектеулер жеңілдетілуі мүмкін деген ақпарат қоғамда қызу талқыланып жатыр. Алайда Ішкі істер министрлігі бұл мәселе бойынша нақты шешім қабылданбағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, кальянға қатысты мәселе расында қаралып жатыр, бірақ тыйымды алып тастау немесе жұмсарту туралы шешім әлі жоқ.
«Шынында да, талқылау жүріп жатыр. Әкімшілік полиция комитетіндегі әріптестер Үкімет пен заң шығару органдары жанындағы ведомствоаралық топтарға қатысуда. Жұмыс жалғасуда. Нәтижесі бойынша қабылданған шешім туралы міндетті түрде хабарланады. Тіпті қосымша қоғамдық тыңдаулар өткізілуі мүмкін», — деді Әділов Сенаттағы брифингте.
Министр орынбасарының айтуынша, талқылау кальян жабдықтарын елге әкелу, оны ойын-сауық орындарында пайдалану уақыты мен шарттары сияқты кең ауқымды мәселелерді қамтиды.
«Қазір кең көлемде талқыланып жатыр: жабдықты Қазақстан аумағына әкелуге рұқсат, оны пайдалану тәртібі, сондай-ақ кальянда қолданылатын заттардың тізімі. Ештеңе назардан тыс қалған жоқ», — деді ол.
Сонымен қатар Санжар Әділов вейптерге қатысты саясаттың өзгермейтінін баса айтты.
«Вейптерге қатысты бізде тыйым бар. Бұған қоса, жуырда депутат Нұргүл Таудың бастамасымен вейптерді сатуды және тасымалдауды қатаңдататын шаралар қабылданды. Бұл бағыттағы ұстанымымыз айқын – жауапкершілікті күшейту», — деді министрдің орынбасары.
В Атырау +4