
Қазақстанда киберқауіпсіздік саласын дамыту мақсатында жаңа заң әзірленіп жатыр. Енді қолданыстағы «Ақпараттандыру туралы» заң атауы мен мазмұны өзгертіліп, ол «Киберқауіпсіздік туралы» заң деп аталатын болады.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, жаңа Цифрлық кодексте ақпараттық қауіптерді басқаруға, деректерді қорғауға және киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған жаңа тәсілдер белгіленеді.
Жоба аясында стратегиялық маңызы бар және шетелдіктерге берілмейтін ұлттық цифрлық активтер – үкіметтік жиіліктер, дерекқорлар, жүйелер мен инфрақұрылым үшін құқықтық негіз нақтыланады. Сондай-ақ сенімді цифрлық ортаны дамытуға бағытталған цифрлық сәйкестік механизмі енгізіледі.
Негізгі жаңалықтардың бірі – цифрлық шешімдердің сапасын, ашықтығын және қауіпсіздігін қамтамасыз ететін үш деңгейлі аудит жүйесі. Функционалды аудит жүйелердің тиімділігі мен жасанды интеллект саласындағы мақсаттарға сәйкестігін тексереді, киберқауіпсіздік аудиті цифрлық инфрақұрылымның ішкі және сыртқы қауіпсіздігін бағалайды, ал реттеуші аудит жаңа заңнамаға және цифрлық реттеу талаптарына сәйкестікті талдайды.
Жаңа заң жобасы сенім мен жауапкершілікке негізделген тұрақты, қауіпсіз және ашық цифрлық экожүйе құруға бағытталған. Министрлік өкілдерінің айтуынша, бұл құжат қабылданғаннан кейін Қазақстанда киберқауіпсіздік деңгейі артып, жеке және мемлекеттік деректерді қорғау жүйесі халықаралық стандарттарға сай нығая түседі.
В Атырау +4