Атырау, 5 желтоқсан 08:48
 бұлттыВ Атырау +4
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

​Қазақстанда балаларға әлеуметтік желіге шектеу қою мәселесін қарау ұсынылды

211 рет қаралды

Қазақстанда балалардың әлеуметтік желіге кіруіне жас шектеуін енгізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

Бұл бастаманы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов көтеріп, бұл туралы Telegram-арнасында жазды.

Депутаттың айтуынша, елде балалардың интернет-контентке бақылаусыз қол жеткізу проблемасы өзекті болып тұр.

"Кішкентай ұлыммен серуендеп жүріп байқағаным – ауланың балаларының көбінің қолында смартфон бар. Олардың TikTok, YouTube пен Instagram-нан көріп жүрген контенттерін ата-аналары көбінесе бақылай алмайды, қажет сүзгіден де өтпейді. Яғни, 4–5–6 жастағы балалардың қолына сіріңкеден де қауіпті құрылғы деп айтуға болады", - деп атап өтті А.Аймағамбетов. 

Оның айтуынша, қазір ашық қолжетімділікпен әлеуметтік желілерде зорлық-зомбылық, кибербуллинг сияқты мазмұндағы ақпарат көп. Бұл қалыптасу үстіндегі бала психикасына тікелей әсер ететін фактор.

Әлеуметтік желілердің алгоритмдері балаларды экранға байлап қою үшін арнайы жасалған. Бұл – балалардың қалтасында жүрген цифрлық ойын автоматы іспетті, - дейді депутат.

Зерттеулер гаджеттерді шамадан тыс қолдану зейінді шоғырландыруды қиындататынын, ұйқы режимін бұзатынын, мазасыздық пен агрессияны арттырып, тіпті суицидке дейін апаруы мүмкін екенін көрсетіп отыр. Бұл тақырыпта Джонатан Хайдтың The Anxious Generation кітабын оқуға кеңес беретінін айтты А.Аймағамбетов. 

Мысал ретінде депутат басқа елдердің тәжірибесін келтірді: Қытайда балаларға арналған қосымшаларға уақыт шектеуі қойылып, тек білім беретін контент ұсынылады. Көптеген елдерде де заңнамалық реттеу жүріп жатыр. 

"Бұл – тыйым емес, саналы әрі жауапты тәсіл. Ал бізде – шексіз «бостандық», оны ешкім нақты реттемейді. Смартфон – бала күтуші емес. Бізге жүйелі шешімдер керек", - деді парламент депутаты. 

Аймағамбетов заңнамалық реттеу туралы ашық диалогты бастауды ұсынды. Мәселен, әлеуметтік желілерге тіркелу үшін жас шектеуі керек пе, жоқ па (10–12–14 жас)? Балалар ұстайтын телефондардағы контентке автоматты фильтрлер қажет пе, жоқ па? деген тақырыпта. 

Әрине, мәселе тек тыйым арқылы шешілмейтінін де атап өтті ол. Мұнда білім беру, балалармен ашық сөйлесу, цифрлық гигиенаны түсіндіру, сыни ойлау қабілетін дамыту аса маңызды.

Бізге тек шектеу емес, бірлескен шешімдер қажет: фильтрлер, гаджеттерді бірге пайдалану, ағарту, ересектердің нақты назары және балама пайдалы белсенділіктер, - деді сөз соңында халық қалаулысы.

Қалай болғанда да, бастысы – мұндай шешімдер ғылым мен дәлелге сүйеніп қабылдануы тиіс екенін атап өтті Аймағамбетов. 

12 қараша, 17:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.