«ExxonMobil Kazakhstan Inc» компаниясыАтырау облыстық ауруханасына қан тазартатын қымбат аппараттар берді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Меңдіхан ӨТЕПҚАЛИЕВТЫҢ айтуынша, соңғы жылдары гепатиттің ауыр түріне, бүйрек-бауыр жетімсіздігіне, асқынған хирургиялық сырқаттарға шалдыққан науқастар, гестоздың ауыр түріне шалдыққан жүкті әйелдер, сондай-ақ, антибактериялық терапияда жоғарғы тұрақтылықтағы қоздырушы штаммдары туындап, ұзақ уақыт бойына антибиотиктер қабылдаған науқастар көп түседі екен.
– Осы факторлардың барлығы полиорганды жетіспеушілікке әкеледі және кей жағдайларда өлімге апарып соқтырады. Жаңа аппараттар өлім санын және стационардағы науқастардың емделу ұзақтығын азайтады, - деп атап өтті М. Өтепқалиев.
«Жасанды бауыр MARS» альбуминдік диализ және экстракорпоральді қан тазартуға арналған Alteco LPS Адсорбері аппараттары мобильді және олар күрделі жабдықтарға бекітілмеген. Бұл оларды емханаларда, перзентханаларда қолдануға мүмкіндік береді.
Облыстық аурухана қызметкерлерін Қазақ Ұлттық медицина университетінің жанындағы дипломнан кейін білім алу институтының анестезиология және реанимация кафедраларының ассистенттері, жоғары санатты реаниматолог дәрігерлер В. БЕЛОЦЕРКОВСКИЙ мен А. КИРИЧЕНКО оқытады.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА