
Кассациялық сот «Жезқазған-Эйр» акционерлік қоғамына қатысты жүргізілген антимонополиялық тергеу қорытындысы мен хабарламалардың заңдылығын растады.
2024 жылы Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті аталған компанияға қатысты тергеу жүргізіп, оның әрекеттерінен бәсекелестік заңнамасын бұзу белгілерін анықтаған болатын.
Компания бұл қорытындымен келіспей, сотқа жүгінген. 2024 жылғы 25 қарашада ауданаралық әкімшілік сот компанияның талабын қанағаттандырып, тергеу нәтижелері мен заңбұзушылық туралы хабарламаның күшін жойған. Алайда Департамент апелляциялық шағым түсіріп, 2025 жылғы 20 наурызда облыстық сот алғашқы шешімді жойып, компанияның талабын кері қайтарды.
Кейін «Жезқазған-Эйр» кассациялық шағым бергенімен, 2025 жылғы 23 қазандағы шешіммен ол да қанағаттандырылмады. Осылайша, 20 наурыздағы сот шешімі заңды күшіне енді.
Департаменттің деректеріне сәйкес, компания 2022 жылғы қараша мен 2023 жылғы мамыр аралығында авиаотынды сатудан 276,7 миллион теңге табыс тапқан. Оның ішінде монополиялық табыс көлемі — 22,9 миллион теңге, ал айналымның 3%-ы — 8,3 миллион теңгені құраған.
Аталған табыс 20 000 АЕК-тен асып кеткендіктен және компания лауазымды тұлғаларының әрекеттерінде қылмыстық сипаттағы құқық бұзушылық белгілері болуы мүмкін болғандықтан, тергеу материалдары бұған дейін Қаржы мониторингі агенттігінің Ұлытау облысы бойынша экономикалық тергеу департаментіне жолданған еді. Алайда сот процесіне байланысты материалдарды қарау уақытша тоқтатылған.
Енді кассациялық сот шешімі заңды күшіне енгендіктен, барлық материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін экономикалық тергеу департаментіне қайта жолданады.
В Атырау +4