
Түркістанда 15 жастағы жасөспірім соққы салдарынан көз жұмды. Полиция оқиғаға қатысы бар барлық адамды анықтап, ұстаған. Қазір бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Әлеуметтік желіде Түркістан қаласында 15 жастағы оқушыны таныстары алдап зиратқа шақырып, сонда аяусыз ұрып-соққаны туралы ақпарат тарады. Болжам бойынша, жасөспірім жүрек тұсынан бірнеше соққы алып, сол жерде жан тапсырған.
Марқұмның ағасының айтуынша, күдіктілер төрт адам болған.
“Олар інімді кезек-кезек ұрып, әрқайсысы екі реттен соққан. Барлығы жүрек тұсына тиген сегіз соққы болған. Соның салдарынан жүрегі жарылып кеткен, ұйқы безі де жаншылған. Кейін олар бізге оның тек есінен танып қалғанын айтқан, бірақ мен жеткенде інімнің қайтыс болғанына шамамен қырық минут өтіп кеткен еді”, – дейді ағасы.
Желіде таратылған деректерге қарағанда, марқұм бірнеше ай бойы сыныптастарынан қысым көріп, ақша беріп жүрген.
Түркістан облыстық полиция департаменті оқиға 3 қараша күні болғанын растады. Қайғылы жағдай қала мектептерінің бірінде 9-сынып оқушысының қаза табуымен аяқталған.
“Оқиға орнына жедел-тергеу тобы барып, қажетті шаралардың барлығын атқарды. Алдын ала мәлімет бойынша, 9-сынып оқушысы сыныптасын кеудесінен ұрған, нәтижесінде ол сол жерде көз жұмған. Күдікті және оқиғаға қатысқан өзге тұлғалар ұсталды. Тергеу барысы департамент басшылығының ерекше бақылауында”, – делінген ведомство хабарламасында.
Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың ата-аналары баланы тәрбиелеу жөніндегі міндетін орындамағаны үшін жауапқа тартылды. Әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға тиісті ұсыныс жолданды.
В Атырау +4