Атырау облысында Пешной жартыаралында жануарлар үшін құрылған тұзаққа айналған жол табылды.
Облыстық табиғат қорғау прокуроры Қайрат ӨТЕУЛИЕВТІҢ айтуынша, 23 қыркүйекте оның қарамағындағы қызметкерлер Дамбы селосынан Солтүстік-Каспий экологиялық әрекет ету базасына апаратын жолдан ондаған жыландар мен тасбақаларды (олардың көбі өлі) тапқан. Прокуратура қызметкерлері оларды табиғи орталарына тірілей оралуға қол ұшын берді. Бірақ келесі күні таңертең тұзаққа түскен тағы бірнеше ондаған мақұлықтар анықталды.
– Бұл жердегі жолжиек биіктігі жарты метрдей, - дейді Қ. Өтеулиев. – Жыландар мен тасбақалар жол алабында көлбеу еңістікке тап болып, содан соң шыға алмай қалады. Олар қатты қызып кеткен асфальттан, сондай-ақ көлік дөңгелектеріне түсіп қырылады. Мен аумақтық орман және аң шаруашылығы инспекциясына оны игеру кезінде экологиялық мәселелер сақталды ма, жоқ па, осы жолдардың жұмыс жобасын тексеруге кеңес бердім. Өз басым жоба ауданның экологиялық жүйесі есебінсіз жасақталған деп есептеймін. Сондықтан жол мақұлықтар үшін тұзаққа айналған.
Базаға экологиялық айыппұл салу туралы әңгіме болып отырған жоқ. Алдын ала ақпарат бойынша, жол облыстық әкімдіктің балансында тұр.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ