Атырау, 5 желтоқсан 09:10
 бұлттыВ Атырау +4
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

Шымбұлаққа кіретін көліктерге шектеуге қатысты өтініш Конституциялық сотта қаралады

372 рет қаралды
Сурет: Kolesa.kz
Сурет: Kolesa.kz

Қазақстан Республикасының Конституциялық соты азаматтың Шымбұлақ шатқалының ерекше қорғалатын табиғи аймағына іштен жану қозғалтқыштары (ІЖҚ) бар көлік құралдарының кіруіне қойылған шектеулердің заңдылығына қарсы шағымы бойынша өтінішін қарауды бастады.

Бұл шағым Алматы қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 6 наурыздағы № 1/167 қаулысының 1-тармағына қатысты айтылған. Қаулының көрсетілген тармағы электр қозғалтқышындағы көлік құралдарынан (электромобильдерден), сондай-ақ коммуналдық, жедел және шұғыл қызметтердің арнайы техникасы мен көлік құралдарынан басқа, «Шымбұлақ» шатқалының ерекше қорғалатын табиғи аймағына көлік құралдарының кіруін шектеуді белгілейді.

Кіші Алматы шатқалында орналасқан тұрғын үйдің және жер учаскесінің иесі дауланып отырған норма оның іштен жану қозғалтқышы бар автокөлікте өз үйіне еркін жүру құқығын шектейді, сондай-ақ электромобиль иелері үшін артықшылықтар белгілейді деп санайды, бұл іштен жану қозғалтқышы бар көлік құралдары бар адамдарға қатысты кемсітушілік болып табылады деп есептейді. Себебі аталған объектілерге жол тек Шымбұлақ шатқалына дейінгі негізгі жол бойынша, ал одан әрі іштен жану қозғалтқышы бар автокөлікпен ғана жүруге болатын жолсыз жол арқылы ғана жүруге болады.

Осыдан бұрын өтініш иесі қаулыны заңсыз деп тану туралы талап арыз берген, алайда барлық сатыдағы соттар оның талабын қанағаттандырудан бас тартқан.

Отырысқа өтініш иесі және оның адвокаты, Парламент Палаталарының, Бас прокуратураның, әділет, экология және табиғи ресурстар министрліктерінің, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың, Алматы қаласы әкімдігінің, Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының, Парламентаризм Институтының өкілдері және сарапшы қатысты. Баяндамашы-судья Әлдия Жатқанбаева.

Конституциялық Соттың қорытынды шешімі Конституциялық заңның 65-бабына сәйкес КС ресми сайтында, «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланады.  

7 қараша, 17:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.