
Ол статистика органдарында еңбек етіп, кейіннен мәдениет пен өнер саласына бет бұрған. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мәдениет саласының ардагері Алма Әзидоллақызы Андарбаева 70 жылдық мерейтойын әріптестері мен үзеңгілес достарының ортасында атап өтті.
«Мәдениет – өмірімнің бір бөлшегі» атты салтанатты шара облыстық халық шығармашылығы орталығында ұйымдастырылды. Бұл кешке ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Ерубаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов және мәдениет саласының өкілдері қатысып, мерейтой иесіне жылы лебізін білдірді.
Алма Әзидоллақызы 1955 жылы Алматы қаласында зиялы отбасында дүниеге келген. Оның әкесі Құрманғазы мен Динаның өнерін жалғастырған Қазақстанның халық әртісі, күйші Әзидолла Есқалиев. Алма Андарбаева ұзақ жыл Алматыда мемлекеттік статистика жүйесінде қызмет етті, ал 2000 жылдардың басында әкесіне қолдау білдіріп, Атырауға көшіп келді.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетін қоюшы режиссер мамандығын алғаннан кейін көп жыл бойы өңір жастарының шығармашылық әлеуетін дамытуға атсалысып, «Азикен» қоғамдық ұйымының басшысы ретінде түрлі мәдени бастамалардың жүзеге асуына ұйытқы болды. Кейін облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры қызметін атқарып, өзін білікті басшы әрі ұйымдастырушы ретінде танытты.
Мәдениет саласындағы ұзақ жылғы еңбегі жоғары бағаланып, ол «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен және «Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен марапатталған. Мерейлі 70 жасқа арналған кеште оған мәдениет саласындағы көп жылғы еңбегі мен өңірдің рухани дамуына қосқан үлесі үшін «Атырау облысына сіңірген еңбегі үшін» медалі табыс етілді.
Кештің соңында Алма Андарбаеваның өмір жолы мен шығармашылық қызметін бейнелейтін арнайы бейнефильм көрсетіліп, облыстың өнер ұжымдары концерттік бағдарлама ұсынды.
Алма ҚАЛУСАРИЕВА
Суреттер облыстық мәдениет басқармасынан
В Атырау +1 





