Атырау, 5 желтоқсан 09:35
 бұлттыВ Атырау +4
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

Атырау әуежайында шетел валютасын заңсыз әкету деректері анықталды

331 рет қаралды
ChatGPT арқылы жасалған сурет
ChatGPT арқылы жасалған сурет

Атырау халықаралық әуежайында қолма-қол шетел валютасын заңсыз әкету бойынша бірнеше құқық бұзушылық тіркелді. 

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің «Әуежай-Атырау» кеден бекеті басшысының орынбасары Айбек Саспанов мәлімдеді.

2022 жылғы 14 наурыздағы №830 ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес, ел аумағынан 10 мың АҚШ долларынан асатын сомадағы қолма-қол шетел валютасын әкетуге тыйым салынған. Бұл шектеу мемлекеттің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету және заңсыз капиталдың сыртқа шығуын болдырмау мақсатында енгізілген.

Кеден қызметкерлері халықаралық рейстермен ұшатын жолаушылардың қол жүгін және жүгін тексеру барысында валюталық шектеуді бұзған 10 жағдайды анықтап, олардың барлығы бойынша әкімшілік іс қозғалып, сот органдарына жолданды. Қазіргі таңда 7 іс бойынша сот шешімі шыққан. Нәтижесінде 1,5 млн теңгеге жуық айыппұл салынып, 10 мың АҚШ долларынан асатын қаржы тәркіленді.

Айбек Саспановтың айтуынша, мұндай құқық бұзушылықтардың басым бөлігі азаматтардың қолданыстағы талаптарды білмеуінен туындайды. Осыған байланысты шетелге шығатын жолаушыларға алдын ала ақпараттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Брифинг соңында спикер азаматтарға шетелге шықпас бұрын қолма-қол қаржыны әкету ережелерімен танысып, заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертті.

6 қараша, 17:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.