Атырау, 5 желтоқсан 09:35
 бұлттыВ Атырау +4
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті алғаш рет Азияның үздік университеттері рейтингіне енді

230 рет қаралды

QS Quacquarelli Symonds халықаралық агенттігі Азияның 2026 жылға арналған үздік университеттер рейтингін (QS Asia University Rankings 2026) жариялады. Биылғы тізімге Қазақстанның 44 жоғары оқу орны кірді, олардың ішінде 10 университет алғаш рет рейтингке енді.

Бұл аймақтық рейтинг Азияның 25 еліндегі 1529 университетті қамтып, жоба тарихындағы ең ауқымды рейтинг болды. Орталық Азия елдері арасында ең көп жоғары оқу орны Қазақстаннан – 44 университет (барлығы 112 университеттің ішінде). Өзбекстан – 22 университетпен, Қырғызстан – 6 университетпен, Тәжікстан – 1 университетпен ұсынылған.

QS Asia 2026 рейтингіне алғаш рет енген 10 қазақстандық ЖОО:

  • Назарбаев Университет — 201-орын

  • Алматы Менеджмент Университеті — 741–750 орын

  • М.Тынышбаев атындағы Көлік және логистика академиясы — 1001–1100 орын

  • Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті — 1101–1200 орын

  • Alikhan Bokeikhan University — 1201–1300 орын

  • Каспий университеті — 1201–1300 орын

  • Рудный индустриалды институты — 1301–1400 орын

  • Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті — 1301–1400 орын

  • Astana International University — 1401–1500 орын

  • Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті — 1401–1500 орын

Қазақстандық университеттер академиялық бедел, білім беру сапасы, халықаралық серіктестік және түлектердің еңбек нарығында сұранысқа ие болуы сияқты негізгі көрсеткіштер бойынша жоғары нәтижелер көрсетіп отыр.

Қазақстан – аймақтағы жалғыз ел, оның университеттері Азияның үздік 100 жоғары оқу орыны қатарында:

  • Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ — 38-орын

  • Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ — 61-орын

  • Satbayev University — 79-орын.

Рейтингте Қазақстанның көрсеткіштері академиялық стандарттардың күшеюі және халықаралық стратегиялық серіктестіктердің дамуы арқасында жақсарғаны атап өтілді.

Бүгінде еліміздегі 29 университет әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен әріптестік орнатқан, ал 15 университет базасында шетелдік университеттердің филиалдары жұмыс істейді.

QS сарапшыларының пікірінше, Қазақстан аймақтағы академиялық мобильділіктің орталығына айналып келеді.
Қазақстандық университеттер Орталық Азия елдері ішінде шетелдік студенттер мен оқытушылардың ең жоғары үлесіне ие, бұл білім беру ортасының жаһандануына әсер етеді.

Анықтама:

QS рейтингі жыл сайын күзде жарияланады. Атауы келесі жылмен беріледі, себебі академиялық оқу жылы күзде басталып, рейтинг нәтижесі келесі күнтізбелік жыл бойы өзектілігін сақтайды.

6 қараша, 12:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.