
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 5 қарашада «Қазақстан Республикасының ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары» атты құжатты бекіткен Жарлыққа қол қойды.
Құжат ел дамуының тұжырымдамалық бағдарларын айқындап, мемлекеттілікті нығайту мен қоғамдық бірлікті күшейтуге бағытталған.
Преамбулада атап өтілгендей, ішкі саясат – елдің тұрақты дамуы мен мемлекеттік институттарды нығайтуға арналған аса маңызды сала болып саналады.
«Басты идея – баршаға тең мүмкіндік беретін ашық, қуатты және өркендеген ел мен жауапты қоғам – Әділетті Қазақстанды құру», – делінген құжатта.
Ішкі саясаттың алты негізгі қағидаты
- «Заң мен тәртіп» – құқықтық мемлекеттің өзегі, әділеттіліктің басты өлшемі. Әр азаматтың заң алдындағы теңдігі мен жауапкершілігі айқындалған.
- «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог, азаматтардың ұсыныстары мен өтініштеріне уақтылы жауап беру мәдениетін қалыптастырады.
- «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт» – қоғамдық келісім мен пікір алуандығын сақтау арқылы ел бірлігін нығайтуға бағытталған қағидат.
- «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» – билік тармақтарының теңгерімді әрі тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін басқару моделі.
- «Адал азамат» – заңды сыйлайтын, білімді, жауапты және отансүйгіш тұлғаның бейнесін қалыптастырады.
- «Таза Қазақстан» – экологиялық мәдениетті дамытуға, қоғамда тазалық пен тәртіпті сақтауға үндейтін қағидат.
Бағыт – Әділетті Қазақстан
Құжатта Әділетті Қазақстан – заң үстемдігі орнаған, демократиялық институттары дамыған және азаматтардың құқықтары қорғалатын ел ретінде сипатталған.
Басты басымдық – халықтың әл-ауқатын арттыру, инновациялық және технологиялық дамуға негізделген экономика қалыптастыру.
Президент Жарлығымен бекітілген бұл жаңа саяси тұжырымдамалық құжат елдің жаңару бағытын айқындап, мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттардың стратегиялық жоспарларына негіз болмақ.
В Атырау +4