
Кентукки штатының Луисвилл қаласында UPS компаниясына тиесілі MD-11 үлгісіндегі жүк әуе кемесі ұшу жолағынан көтерілгеннен кейін бірден апатқа ұшырады. Алдын ала мәліметтер бойынша, кем дегенде жеті адам қаза тапты, оның үшеуі — экипаж мүшелері.
Сонымен қатар жердегі 11 адам түрлі жарақат алған, деп хабарлайды BBC News Русская служба.
Апат жергілікті уақыт бойынша 17:15-те тіркелді. Құлаған әуе кемесі Гонолулу қаласына бағыт алған. Оқиғадан кейін әуежай аумағында және оған жақын өнеркәсіп аймағында бірнеше өрт ошақтары пайда болды. Төтенше қызметтер апатты ауыздықтау жұмыстарын жалғастыруда.
Луисвилл әуежайынан 8 шақырым радиуста тұратын тұрғындарға қауіпсіздік мақсатында үйден шықпауға нұсқау берілді. Әуежай уақытша жабылды.
АҚШ Ұлттық көлік қауіпсіздігі жөніндегі кеңесі (NTSB) апат себебіне қатысты тергеу жұмыстарын бастады. Алдын ала ақпарат бойынша, әуе кемесінің бір қозғалтқышы ажырап кеткен болуы мүмкін. Сарапшылар ұшақтың екі қозғалтқышпен ұшуды жалғастыра алмау себептерін анықтап жатыр.
UPS компаниясы оқиға жөнінде тергеу органдарымен ынтымақтастық орнататынын хабарлады. Әуе қатынасының уақытша тоқтатылуына байланысты кейбір халықаралық және жедел жеткізілімдерде кідіріс болуы ықтимал.
В Атырау +4