
1994–2005 жылдары Украина президенті болған Леонид Кучма Ресей бастаған Украинаға қарсы соғыс аяқталуға жақын болуы мүмкін екенін айтады, алайда украиналық саясаткерлер қазірдің өзінде сайлауға дайындала бастағанын атап өтті, деп хабарлайды BBC News Русская служба.
BBC Украин қызметіне берген көлемді жазбаша сұхбатында Кучма қазіргі саяси ахуал мен майдандағы жағдайға қатысты пікір білдіріп қана қоймай, президенттік кезеңіндегі ең даулы оқиғалар туралы да ой қозғады.
Украина тарихында қайта сайланған жалғыз президент бүгін Киевте тұратынын айтады және Ресей әскерінің қаланы жиі атқылауын өзінің туған Чернигов облысындағы Чайкино ауылына нацистік авиация жасаған бомбалауымен салыстырады.
«[Қатты атқылауларға] мен бала кезден „моральдық тұрғыда дайынмын“. Балалық шағымдағы „бомбаға қарсы панам“ — жертөле болды, біз онда күн сайын отыратынбыз», — деді ол.
Қазіргі соғыстың аяқталуы мен Үшінші дүниежүзілік соғыстың басталу ықтималдығын салыстыра отырып, Кучма былай деп жазады: «Украин ретінде мен өз армиямыздың күшіне сенемін, ал зымыраншы ретінде ядролық тежеудің қуатын білемін. Сондықтан біздің соғыс міндетті түрде аяқталады, ал Үшінші дүниежүзілік соғыстың басталуы екіталай, болса да тек ядролық болуы мүмкін».
Ресейдің толық масштабты басқыншылығы басталған алғашқы күндері Кучма, сондай-ақ Леонид Кравчук пен Виктор Ющенко Украина жеңетініне сенім білдірген үндеуге қол қойған еді.
Кучма қазіргі көңіл күйін сипаттап, «бүгін мен үшін басты екі сөз — „үміт“ және „уайым“» дейді.
«Үміт — өйткені соғыстың аяқталатынын білдіретін белгілер көп. Уайым — өйткені соғыс әлі аяқталмады, ал жеңіске жету үшін қажет бірлік кей жерде „құрыла“ бастағандай. Қоғам тұтастай алғанда біріккенімен, іште түсініспеушілік байқалады, саясатта популизм күшейді, сайлау туралы әңгімелер шықты, билікті бөлісу жоспары жасалып жатыр. Мейірімді жандар, әлі ерте!» — дейді ол.
Кезінде авторитаризмге бейім деп айыпталған Кучма қазіргі парламенттік-президенттік жүйе іс жүзінде толық жұмыс істемейтінін, ал қазіргі президент Владимир Зеленскийдің конституцияда қарастырылғаннан да кең өкілеттігі бар екенін мойындайды.
Алайда ол мұны соғыс жағдайында орынды деп есептейді: «Украинаға бір өзі жылдам шешім қабылдай алатын диктатор қарсы тұрғанда, Зеленскийдің де заңда жазылғаннан үлкен маневр еркіндігі болуы тиіс. Ол заңның „әрпін“ бұзбайды, тек кейде „рухын“ ғана».
Кучма өзі авторитарлық деп санайтын жалғыз украин президенті Виктор Янукович екенін айтты: «Оған „билік үшін билік“ керек болды, ал мен үшін билік — жұмыс үшін билік».
Экс-президент Зеленскийдің екінші мерзімге түсу-түспеуіне қатысты кеңес беруден бас тартты.
«Ол не шешетінін білмеймін. Бірақ Украинаға соғыстан кейін де оның халықаралық беделі қажет болады. Болашағы зор. Владимирге тек мынаны айта аламын: соғыстан кейінгі өмір соғыстан да ауыр болуы мүмкін», — деді ол.
В Атырау +4