Атырау, 5 желтоқсан 10:29
 бұлттыВ Атырау +4
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

​Қазақстанда заңсыз лотерея ұйымдастырғандар 40 млн теңге айыппұл төледі

221 рет қаралды

ChatGPT жасаған сурет
ChatGPT жасаған сурет

Жыл басынан бері заңсыз ұтыс ойындарын ұйымдастырғандар 40 миллион теңгеге жуық айыппұл төледі, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі. 

Министрліктің Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті әлеуметтік желі мен онлайн-платформаларда заңсыз лотерея қызметін анықтау үшін тұрақты мониторинг жүргізіп келеді.

Биылғы жылы мониторинг нәтижесінде және азаматтардың шағымдары негізінде 89 адам ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 445-1-бабының 6-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

"Заңсыз ұтыс ойындарын ұйымдастырған тұлғаларға ескерту хаттары жолданып, түсіндіру жұмыстары өткізілген. Ұтыс ойындарын өткізген әлеуметтік желі аккаунттарының тізімі министрліктің ресми сайтында жарияланған", - деп нақтылады Туризм және спорт министрлігіндегілер. 

Хаттамамен келіскен жағдайда құқық бұзушылар айыппұлды өз еркімен төлейді, ал келіспеген жағдайда іс сотқа жолданып, сот тәртібімен қаралады.

Қолданыстағы заңға сәйкес, лотерея операторы емес тұлға лотерея өткізетін болса, жеке тұлғаларға 100 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), ал шағын кәсіпкерлік субъектілеріне (жеке кәсіпкерлерге) 300 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

Бір жыл ішінде осындай құқық бұзушылық қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері жеке тұлғаларға – 200 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 750 АЕК болып белгіленеді. Сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтан түскен табыс тәркіленеді.

3 қараша, 17:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.