
Атырауда жас орындаушылардың облыстық «Ақ сұңқар» байқауы өтті. Шара әйгілі музыкант әрі ұстаз Пахаман Бүркітбайұлы Құттымұратовтың рухына арналды.
Бұл туралы марқұмның қызы, қобызшы, Қазақстанның халық артисі Роза Рымбаеваның келіні — Ақерке Бүркітбай әлеуметтік желіде әсерлі жазба қалдырды.
«Бұл жай ғана байқау емес, әкемді — оның мейірімін, еңбекқорлығын, адалдығы мен музыкаға деген шексіз сүйіспеншілігін еске алу мүмкіндігі болды. Сол күні әкеміздің рухы қасымызда жүргендей сезіндік», — деп жазды ол.
Байқауға өңірдің түкпір-түкпірінен келген жас өнерпаздар қатысты. Шара соңында Пахаман Бүркітбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған бейнеролик көрсетіліп, ас берілді.
«Бейнероликті көрген сәтте біз қайтадан сол жылдарға оралғандай болдық. Жүректерімізді сағыныш пен мақтаныш сезімі кернеді», — дейді Ақерке.
Музыканттың қызы әкесінің достарына естелік шараны ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты. Отбасы атынан барлық қатысушыларға ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Сол күні Ақеркенің жанында жұбайы, әнші Әли Оқапов пен енесі Роза Рымбаева да болды.
«Он жыл өтсе де, әкемнің дауысы мен мейірімі жүрегімізде сақталып қалды. Оның өмірі — өнеге, жолы — мұра, ал өнері — мәңгілік», — деп түйіндеді Ақерке Бүркітбай.
В Атырау +4