
Қытайдың Үрімжі қаласында тұратын қытайтілді қазақ жазушысы Анар Зинуарбекқызы Бин Синь атындағы мемлекеттік әдеби сыйлықтың иегері атанды, деп хабарлайды Kazinform Тяньшань ақпараттық порталына сілтеме жасап.
Жазушы бұл марапатқа «600 шақырым: сапар жолында» атты тұңғыш жинағы үшін «Үздік эссе жинағы» номинациясы бойынша ие болған. Кітапқа енген туындыларында автор туған жерге деген сағыныш, туыстық байланыс, қазақы болмыс, ұлттық тағамдар мен заманауи қала өмірін бейнелеген.
Қытайдың көрнекті жазушысы әрі сыншысы Лю Лянчэн Анардың шығармаларын жоғары бағалап, «оның эсселері қазақтың ән-күйіндей қоңыр әуезді, табиғат иісі аңқып тұрады» деп сипаттаған.
Ашық деректерге сүйенсек, Анар Зинуарбекқызы Іле қазақ автономиялық облысының Күнес ауданында туған. Ол көркем шығармашылықпен 2014 жылдан бері айналысып келеді. Шығармалары «Батыс», «Ұлттар әдебиеті» сияқты беделді басылымдарда жарық көрген.
Мао Дунь және Лу Синь атындағы марапаттармен қатар аталатын Бин Синь сыйлығы Қытайдың ең беделді әдеби наградаларының бірі саналады. 2002 жылдан бері әр екі жыл сайын табысталып келеді. Биыл байқауға 2023–2024 жылдары жарық көрген 339 кітап ұсынылған.
В Атырау +4