Атырау, 5 желтоқсан 10:06
 бұлттыВ Атырау +4
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

​ҚМГ мен Total Energies Қашаған бойынша ынтымақтастық қарым-қатынасты талқылады

235 рет қаралды

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Абу Даби қаласында (БАӘ) «Total Energies» компаниясының Директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Патрик Пуяннемен кездесті.

Тараптар Солтүстік Каспий жобасын жүзеге асыру барысын талқылады. ҚМГ басшысы атап өткендей, биыл мұнай мен газ өндіру бойынша тұрақты көрсеткіштерге қол жеткізілді. Бұл Қашаған кен орнының жоғары әлеуетін растайды. Бұған қоса Қашағанның мұнай-газ саласы мен Қазақстанның экономикасы үшін маңызын ескере отырып, оны одан әрі игеру кезеңдерін тиімді және уақтылы іске асыруға, жергілікті қамтуды дамытуға, сонымен қатар кен орынды игеріп жатқан қызметкерлер арасында ұлттық кадрлардың санын көбейтуге ерекше назар аудару қажеттілігі айтылды. 

Сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселесі де көтерілді. Атап айтқанда, Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын салуды көздейтін «Мирный» бірлескен жобасының қазіргі жай-күйі қаралды. 

— Бұл жоба — еліміздегі парник газ шығарындыларын азайтуға бағытталған алғашқы ірі бастамалардың бірі. Нысан энергияны сақтаудың озық жүйесімен жабдықталады. Қазіргі таңда компаниялар «Мирный» жобасын іске асырудың келесі практикалық кезеңіне өту үшін ішкі корпоративтік рәсімдер мен жобалау жұмыстарын жеделдетуге күш салып жатыр. ҚМГ «Total Energies» компаниясымен орнаған стратегиялық серіктестікті жоғары бағалайды және екіжақты тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын, — деді А.Хасенов.
3 қараша, 15:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.