
Атырау облысында Гауһар, Алтын, Күміс той иелері мен жас отбасыларға құрмет көрсетілді. Аймақ басшысының орынбасары Дарын Шамұратов оларға арнайы кездесуде облыс әкімінің атынан құттықтау хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
– Отбасы – қоғамның берік іргетасы. Әр шаңырақтағы сыйластық пен сүйіспеншілік – өңірдің де, елдің де тұрақтылығының кепілі. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен үлгілі жолдарыңыз жас буын үшін үлкен өнеге, – деді Дарын Шамұратов.
Кездесуге аймақтың әр ауданынан он екі отбасы қатысты. Олардың арасында Жылыой ауданынан – Сауытовтар, Индерден – Гауһар той иелері Азановтар, Атырау қаласынан – Сағынаевтар, Мақаттан – Исмағұловтар, Қызылқоғадан – Алтын той иелері Манғұровтар, Исатай ауданынан – Әбішевтер, Махамбеттен – Мұқашевтар және Құрманғазы ауданынан – Күміс той иелері Ерекешовтер бар.
Қазіргі таңда облыста 29 мыңнан астам көпбалалы отбасы тіркелген. Оның ішінде «Алтын алқа» иегерлері – 3826, «Күміс алқа» иегерлері – 6363 әйел бар. Сондай-ақ 200 ана «Ана даңқы» орденімен, 322 ана «Ардақты ана» атағымен марапатталған.
Сонымен қатар 6 мыңға жуық ана бала тууына байланысты жәрдемақы алады, ал 4,5 мың отбасы мүгедек бала тәрбиелегені үшін мемлекеттік көмекке ие.
В Атырау +4 
















