
Қазақстанның шағын мұнай өңдеу зауыттары өндірілген жалпы өнім көлемінің кемінде 45 % мөлшерінде жоғары сұранысқа ие мұнай өнімдерінің үлесін қамтамасыз етуге міндеттеледі.
Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап бере отырып, вице-премьер Қанат Бозымбаев хабарлады.
Оның айтуынша, оларға ішкі нарықта тұрақты сұранысқа ие болатын бензин, дизель отыны, авиациялық керосин және басқа да сапа стандарттарына сәйкес келетін өнімдер жатады.
Бұл тәсіл Қазақстанның мұнай өнімдері импортына тәуелділігін төмендетуге, Қазақстандағы сапалы отын көлемін ұлғайтуға, мұнайдың қайта өңдеу деңгейін арттыруға және шағын МӨЗ жұмысының тиімділігін көтеруге, соның ішінде шетелде К-4 және К-5 стандартындағы отын өндірілетін шикізат пен жартылайфабрикаттардың экспортын қысқартуға мүмкіндік береді деп атап өтті Бозымбаев.
Аталған талаптарды 2029 жылғы 1 қаңтардан бастап кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр. Бұл шағын зауыттарды жаңғырту және техникалық қайта жарақтандыру үшін жеткілікті өтпелі кезеңді қамтамасыз етеді.
Шағын зауыттарды жаңғырту үшін елеулі инвестициялар қажет екенін түсіне отырып, сондай-ақ Үкімет оларды қолжетімді қаржыландырумен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдап жатыр. «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-мен бірлесіп, «Даму» бағдарламасы арқылы мемлекеттік қолдау құралдары пысықталып жатыр.
Атап айтқанда:
- жобаны қаржыландыру сомасының 30 %-ына дейінгі бөлігін жабатын Кепілдік қоры құрылуы көзделді;
- қаржыландырудың бірыңғай мөлшерлемесі – жылдық 12 % деңгейінде белгіленеді;
- бағдарламаға шағыннан іріге дейінгі барлық санаттағы бизнес субъектілері қатыса алады;
- холдингтің барлық еншілес ұйымдары бойынша қаржыландыру шарттары біріздендіріледі.
Бұл шағын зауыттарға өз жабдықтарын жаңғыртуға, өнім түрлерін кеңейтуге және жаңа талаптарға қаржылық тұрақсыздық қаупінсіз сай болуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ жоғарыда аталған заңнамалық өзгерістер шеңберінде Энергетика министрлігі шағын МӨЗ-ді тұрақты шикізат ресурстарымен кепілді түрде қамтамасыз ету мәселесін пысықтап жатыр. Бұл инвестициялар тарту мен техникалық жаңғыртуды іске қосуға арналған негізгі шарт болып табылады.
Құжаттарды келісу рәсімдерінен өткізгеннен кейін, соның ішінде Президенті Әкімшілігімен келісілген соң, тиісті заңнамалық өзгерістер белгіленген тәртіппен Парламент Мәжілісіне енгізіледі. Осылайша, Үкімет мұнайды қайта өңдеу тереңдігін ұлғайту, өндірілетін өнімнің сапасын арттыру және ішкі мұнай өнімдері нарығын нығайту, шағын МӨЗ дамыту үшін жағдай жасау бойынша жүйелі шаралар қабылдап жатыр.
В Атырау +4