
Ақтауда сот 17 жастағы қызы сатушы болып жұмыс істегені үшін жауапқа тартылған он баланың анасын әкімшілік айыппұл төлеуден босатты.
Оған баланы тәрбиелеу жөніндегі ата-аналық міндеттерін орындамады деген айып (ӘҚБтК-нің 127-бабының 1-бөлігі) тағылып, айыппұл салынған. Себебі кәмелет жасына толмаған қызы келісімшартсыз жұмыс жасап, құқыққорғау инспекторының хаттама толтырып, әкімшілік жауапкершілікке тартуға негіз болған.
Шығарылған қаулымен келіспеген әйел өзінің жауапкершілікке тартылуын заңсыз деп санап, сотқа жүгінген.
Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты істі қарай келе, инспектор кәмелетке толмаған қызды еңбек шартының жоқтығына байланысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға қол қоюға мәжбүрлегенін анықтады. Жеке кәсіпкер мен талап қоюшының қызы арасында іс жүзінде консультант ретінде жұмысқа қабылдау туралы шарт жасалған, ол сотқа ұсынылған. Жұмыс беруші мен кәмелетке толмаған қыз сотта оның 17 жаста екенін түсіндірген.
Еңбек кодексіне сәйкес, 16 жасқа толған адамдармен еңбек шарты жасалуы мүмкін, бұл ретте кәмелетке толмағандардың жұмыс уақыты күніне екі сағаттан аспауы тиіс. Ал қыз кәмелетке толмаған тоғыз бауыры бар көпбалалы отбасына көмектесу мақсатында жұмыс істеген.
Сот атап өткендей, еңбек шартында мөрдің болмауы кәмелетке толмағанның кінәсі болып есептелмейді; ешкім өз кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті емес (ӘҚБтК-нің 10-бабының 2-бөлігі); әкімшілік іс жүргізу барысында адамның кінәлілігіне қатысты барлық күмәндар оның пайдасына қаралады (ӘҚБтК-нің 10-бабының 3-бөлігі); адам тек өз кінәсі дәлелденген әрекет үшін ғана әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін (ӘҚБтК-нің 11-бабының 1-бөлігі).
Сотта анықталған мән-жайларды ескере отырып, сот әйелдің талап қоюын қанағаттандырып, оған қатысты ӘҚБтК-нің 127-бабының 1-бөлігі бойынша толтырылған әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы жойды.
Соттың қаулысы заңды күшіне енді.
В Атырау +4