
23 жастағы Яна Легкодимованы өлтіру хикаясы Атырауды дүр сілкіндірді, халық соттың соңғы үкімін күтуде.
Бұл іске қатысты айыпталушылар Хаиржанов пен Қатимов айып қайта сараланғаннан кейін Қазақстан заңнамасындағы ең ауыр жазаға — өмір бойы бас бостандығынан айырылуға ілігуі мүмкін.
Соңғы бір жылда Атырау облысында төрт адам осындай жаза алды. Бұл — ерекше қатыгездікпен жасалған қылмыстарға қолданылатын ең ауыр шара.
Олардың қатарында Авангардта үш адамды атып өлтірген жігіт; үйді өртеп, әйел мен екі баланың өліміне себеп болған Индер тұрғыны; қыз баланы зорлап, өлтірген Құлсарыдағы педофил; NCOC компаниясының менеджерін өлтіріп, кейін оның денесін қорлаған қылмыскер бар.
Барлығы өмір бойына бас бостандығынан айырылған. Апелляциялық сот шешімдері күшіне енген соң, олар арнайы пойызбен ерекше режимдегі колонияларға этапталған. Енді олар өмірінің соңына дейін сол жерде болады.
Қазақстанда бұл жаза — сыртқы әлемнен толық оқшаулау мен еркіндіктен түбегейлі айырылу дегенді білдіреді. Мұндай сотталғандар ерекше режимдегі түрмелерге жіберіледі, онда әрбір қадам бақылауда болады.
Ең танымал мекемелердің бірі — Қостанай облысындағы «Қара бүркіт» колониясы. Атырау облысынан сотталғандар көбіне осы жерге жіберіледі.
Мұндағы өмір кәдімгі түрмелерден мүлде өзгеше: камералар 1–2 адамға ғана арналған; серуенге күніне бір сағат қана шығуға рұқсат; хат пен телефон қоңырауы қатаң цензурадан өтеді; режимді бұзу — қатаң жазаға әкеледі; сотталғандар бір-бірімен сөйлесе алмайды. Тіпті мінсіз тәртіп сақтағанның өзінде, бостандыққа шығу мүмкіндігі жоқ.
Атырау облысында өмір бойы сотталғандарға арналған түрме жоқ. Сондықтан оларды еліміздің басқа өңірлеріндегі жоғары қауіпсіздік мекемелеріне жібереді. Ол жерде жылдар өтіп, уақыт маңызын жоғалтады.
Атыраулықтар Яна Легкодимова ісі бойынша айыпталушыларға қандай жаза тағайындалатынын білгісі келеді. Егер сот өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарса, олар дәл осындай жағдайға тап болады. Бетон қабырғалардың ар жағында суық, үнсіз және өкінішке толы өмірге тап болады.
Айгүл Мансурова
В Атырау +4