
Атырауға қарасты Тасқала-2 ауылында салынып жатқан жаңа мектептің сыртқы көрінісі тұрғындардың көңілінен шықпады. Олардың айтуынша, ғимараттың түсі тым күңгірт, ал мектеп баланың қуанышы мен шабытын оятатын жер болуы тиіс.
«Тасқала-2-де мектеп салынып жатқаны жақсы жаңалық. Бірақ неге қасбеті қара түсті материалмен қапталған? Бұл балаларға арналған ғимарат емес пе? Мектеп көз қуантатын, ашық түсті болуы керек. Ал бұл — түнек. Оқушылар үшін қалай көрінетініне бас қатырмай, бастысы нысанды уақытында тапсыруды мақсат еткендей көрінеді», — дейді ауыл тұрғыны.
Бұл шағым әлеуметтік желілерде қызу талқыланғаннан кейін, Атырау облыстық құрылыс басқармасы ресми түсініктеме берді.
«Тасқала ауылында 600 орындық мектептің құрылысы бекітілген жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес жүргізілуде. Ғимараттың сәулеттік келбеті заманауи талаптарға сай. Дизайнерлік шешім бойынша қасбеттің бір бөлігі графит және сары түстермен әрленген. Дәл осы бөлік суретке түсіріліп, мектеп толықтай қара түсті секілді әсер қалдырған», — делінген басқарма хабарламасында.
Ведомство өкілдері атап өткендей, жалпы ғимараттың қасбеті қоңыр-ақ түстермен безендірілуде, ал графит пен сары тек сәндік элемент ретінде қолданылған.
«Құрылыс пен әрлеу жұмыстары толық аяқталған соң мектептің заманауи, сәулеттік және эстетикалық талаптарға сай келетін келбетін көресіздер», — деді мамандар.
Жаңа мектеп 600 оқушыға арналған, бірнеше блоктан тұрады. Құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр.
Айгүл МАНСУРОВА
Әлеуметтік желілерден алынған сурет
В Атырау +4