
Қазақстанда археологиялық және реставрациялық жұмыстарға берілетін лицензиялар енді екі бөлек санатқа бөлінбек. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғауға арналған заң жобасын таныстырған депутат Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Кazinform.
Аймағамбетовтің айтуынша, бүгінде археология саласындағы лицензиялар мерзімсіз беріледі және кез келген ескерткіш түрімен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұл жүйе саланың сапасына кері әсер етіп отыр.
«Қазір ұйым бір рет лицензия алса, одан кейін оның мамандарының біліктілігі қандай, тәжірибесі бар ма – ешкім тексермейді. Сол лицензиямен ол жылдар бойы еш шектеусіз мәдени мұра нысандарымен жұмыс істей береді», – деді депутат.
Соның салдарынан реставраторлардың қазба жұмыстарына, ал археологтардың реставрация істеріне араласып жүрген фактілері анықталған.
«Нәтижесінде – сапасыз қазбалар мен бүлінген ескерткіштер. Сондықтан біз әділ әрі нақты лицензиялау жүйесін енгіземіз», – деді Аймағамбетов.
Жаңа заң жобасына сәйкес, енді археологияға бөлек лицензия, реставрацияға бөлек лицензия беріледі. Олардың әрқайсысы 5 жыл мерзімге рәсімделмек. Сонымен қатар, әр лицензия түрі үшін арнайы біліктілік талаптары енгізіледі.
Егер заң талаптары бұзылса, лицензияны 6 айға дейін тоқтату немесе толығымен қайтарып алу шаралары қарастырылған.
«Бұл өзгеріс саланы тазартып, нағыз кәсіби мамандарға жол ашады», – деп түйіндеді Асхат Аймағамбетов.
В Атырау +4