
Тынық мұхитындағы шағын арал мемлекеті Тувалу климаттың өзгеруіне байланысты толықтай жойылу қаупіне тап болды, деп хабарлайды 74.ру.
Ел аумағының теңіз деңгейінен орташа биіктігі небәрі 2 метрді құрайды, ал кейбір ауылдар 20 метрлік жіңішке жер жолағында орналасқан. Ғалымдардың болжамынша, 2050 жылға қарай Тувалудың көп бөлігі су астында қалуы мүмкін. Осыған байланысты ел билігі бүкіл халықты басқа мемлекеттерге көшіру туралы шешім қабылдады. Бұл — тарихтағы алғашқы осындай жағдай.
Қазір Тувалуда шамамен 11 мың адам тұрады. Олардың көпшілігі төмен орналасқан тоғыз аралда өмір сүреді.
Елдің басты серіктесі — Австралия. Екі ел бірлесіп, арнайы визалық бағдарлама іске қосты. Бұл бағдарлама бойынша жыл сайын 280 тувалулыққа Австралияда тұрақты тұруға рұқсат беріледі.
Визалар лотерея арқылы беріледі және иелеріне Австралия азаматтарымен тең құқықтар ұсынылады: білім, медицина, жұмыс және тұрғын үйге қол жеткізу. 2025 жылдың шілдесінде алғашқы өтінімдер қабылданып, 8750 адам тіркелген.
Бұл — Тувалу халқының 80 пайызына жуық. Жыл сайын ел халқының шамамен 4 пайызы шетелге қоныс аударады деп күтілуде.
Сонымен қатар, Тувалу билігі ел толықтай су астында қалса да, мемлекет ретінде өмір сүруін жалғастыру үшін «цифрлық ұлт» жобасын іске қосты.
Бұл жоба аясында аралдар 3D форматында сканерленіп, виртуалды кеңістікте қайта жасалады. Мемлекеттік қызметтер онлайн жүйеге көшіріледі. Жобаның мақсаты — Тувалудың мәдениетін, тарихын және ұлттық болмысын сақтау.
Осылайша, Тувалу физикалық тұрғыда жойылғанымен, тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүруін жалғастырмақ.
В Атырау +4