Атырау, 23 қараша 19:29
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Әлемнің мұсылман аруы» байқауы өз мәресіне жетті

2 167 просмотра

Нигериялық Обабия Айша Аджиболы Индонезияда өткен «Әлемнің мұсылман аруы» атты сұлулық байқауында бас жүлдені ұтып алды. 21 жастағы бойжеткен жеңімпаз ретінде өз есімін естіген бетте, тура сахнада тізесін жерге тигізіп, Алла Тағалаға мадақ айтты. Қуаныштан көз жасын тия алмаған ол: «Біз бар болғаны әлемге Исламның керемет екенін көрсетуге тырысып жүрміз. Біз еркінбіз әрі басымыздағы орамалды мақтанышпен тағамыз» деді толқи сөйлеп.

Обабия Айша Аджиболының басына тәж кигізген ұйымдастырушылар оның қолына сыйақы ретінде қасиетті Мекке қаласына тегін баруға мүмкіндік беретін куәлікті және 2200 долларды қоса ұстатты.

Басында бұл сайысқа 500-ге тарта бойжеткен қатысқан еді. Ақтық сында Индонезия, Нигерия, Иран, Бангладеш, Бруней және тағы басқа елдерден келген 20 жас қыз бақ сынады.

Түрлі-түсті көйлек пен шариғат шәлісін киген бойжеткендер Құран оқудан жарысты, қазылар алқасына Исламның құндылықтары туралы әңгімеледі.

Сауапты шараға ұйытқы болғандар «Әлемнің мұсылман аруы» байқауын Индонезияда өткізуге себеп болған нәрсе – қазір осы елдегі Бали аралында өтіп жатқан «Әлем аруы» сайысына көркем түрде жауап беру қажет болғанын жасырмайды.

Мұсылман арулар байқауын ұйымдастырғандардың бірі Эка Шанти бұл туралы былай деді: «Бұл – «Әлем аруына» берген жауабымыз. Біз жай ғана «жоқ» деп қол қусырып отыра алмадық. Біз балаларымызға бізде де таңдау еркі бар екенін көрсеткіміз келді. Әдемі болуы үшін, шашыңды жайып, иық-қолдарыңды ашып тастау міндетті емес».

Индонезияда 16 қыркүйекте бір апталық тыныштықтан соң, осы елдің аумағында «Әлем аруы-2013» сұлулық байқауын өткізуге қарсы жаппай наразылық шаралары қайта жанданған болатын. Полицияның мәліметінше,  Джакарта және Шығыс Ява провинциясының бірнеше қаласында жүздеген ереуілші көшеге шығып, «адамдықтан жұрдай» сайысты тоқтатуды талап еткен. Барлық шерулер «Әлем аруы – тозақта өртен» деген ұранмен өткен. Наразы топтың пайымдауынша, бұл шара мұсылмандардың діни сезімін аяққа таптап, «әйелді – затқа, оның сұлулығын – сауда-саттықтың құралына айналдырады».

Дереккөз: muftyat.kz

20 қыркүйек 2013, 09:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.