
Индер ауданында өңірдің рухани мұрасын жаңғырту және туризмді дамыту мақсатында жаңа «Димаш төбе» тарихи-мәдени кешені салтанатты түрде ашылды, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Игі жоба облыс әкімі Серік Шәпкеновтің тапсырмасына сәйкес жүзеге асып, ауданның туристік әлеуетін арттырумен қатар Атырау облысының киелі жерлер картасын толықтырды.
Кешен құрамында мұражай, демалыс алаңы және келушілерге арналған инфрақұрылымдар бар. Нысанның құрылысы 2024 жылдың желтоқсан айында басталып, биыл аяқталды. «Димаш төбе» мұражайы Индербор кентінен шығысқа қарай 8 шақырым жерде, Индер–Қарабау тасжолының бойында орналасқан.
– Бүгін біз тарихи һәм рухани маңызы зор ерекше нысанның ашылуына куә болып отырмыз. «Димаш төбе» – тек жергілікті халық үшін емес, бүкіл ел үшін қастерлі орын. Бұл жоба – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат, еңбекқор халық» қағидаты аясында айтылған тарихи мұрамызды сақтау және келер ұрпаққа аманаттау мақсатымен үндес бастама, - деді Индер ауданының әкімі Серік Нысанбаев.
«Димаш төбе» — тарихы тереңде жатқан, ел жадындағы қасиетті орын. 1978 жылы дәл осы төбеде көрнекті мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаев сапар барысында болған. Сол кезден бастап бұл мекен халық арасында «Димаш төбе» деп аталып келеді. Бүгінде киелі орын қайта жаңғырып, жаңа келбетке ие болды.
В Атырау +4