
Атырау қаласында «Қару» және «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шаралары аясында полиция қызметкерлері қару-жарақ сататын дүкендерге тексеру жүргізді. Шараның басты мақсаты – заңсыз айналымдағы қару мен оқ-дәрілердің жолын кесу, сондай-ақ қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау.
Рейд барысында тәртіп сақшылары қару мен оқ-дәрілердің тіркелу құжаттарын, сақтау шарттарының талапқа сәйкестігін және есеп жүргізу рәсімдерін мұқият тексерді.
Дүкен сатушысы Ақтоты Кенжеғалиева барлық талаптардың орындалатынын атап өтті:
– Біздегі қарулар мен оқ-дәрілердің барлығы заңды түрде тіркелген. Сейф талаптары толық сақталады. Мұндай тексерістер қауіпсіздік мақсатында қажет. Әр сатып алушының құжаттары мұқият қаралады. Полициямен тұрақты байланыстамыз, есепке алу журналдары дер кезінде толтырылады, – деді ол.
Полицейлер тексерумен шектелмей, тұрғындарға да үндеу жасады.
Атырау ҚПБ №2 ҚПБ Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі бастығының орынбасары, полиция майоры Талғат Сисенғалиев:
– Азаматтардың иелігінде заңсыз сақталған немесе тіркелмеген қару-жарақ, оқ-дәрі не жарылғыш заттар болса, оларды өз еркімен тапсырған жағдайда ешқандай әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Алайда заңсыз сақтау, алып жүру немесе тасымалдау фактілері анықталса, жауапкершілік қарастырылған, – деп ескертті.
Мамандардың айтуынша, қару ұстау құқығы тек медициналық және психологиялық тексеруден өткен, заң бойынша шектеуі жоқ азаматтарға беріледі. Бұрын сотталғандар, мас күйінде ұсталғандар немесе отбасында жанжал шығарған тұлғаларға қару иеленуге рұқсат берілмейді.
В Атырау +4