
Жетісу облысында жаңа «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбыры пайдалануға берілді. Жобаны Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «QazaqGaz» ұлттық компаниясы жүзеге асырды.
Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың тамыз айында Премьер-министр Олжас Бектеновтің өңірге сапары кезінде басталған болатын.
«Бұл – аймақ үшін стратегиялық маңызы бар жоба. Табиғи газдың келуі халықтың тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, экономиканың дамуына серпін береді. Ең алдымен әлеуметтік нысандар — аурухана, мектеп, балабақша, мәдениет және спорт ғимараттары газға қосылады. Кейін тұрғын үйлер мен бизнес нысандарына көгілдір отын жеткізіледі», – деді облыс әкімі Б. Исабаев.
«Самұрық-Қазына» қорының стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры Елжас Отыншиев те жобаның әлеуметтік және экономикалық әсеріне тоқталды.
«Газ келсе – халықтың жағдайы жақсарады, экология оңалады, жаңа жұмыс орындары ашылады. Бұл – өңірге инвестиция тартуға мүмкіндік беретін маңызды бастама», – деді ол.
Қазір жаңа газ құбырының желілік бөлігі мен алты автоматты газ тарату станциясы — «Қапал», «Жансүгіров», «Сарқан», «Қойлық», «Қабанбай» және «Үшарал» нысандары толық дайын.
«QazaqGaz» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Акбар Төлегенов жобаның жоғары бақылауда болғанын айтты.
«Барлық құрылыс және монтаж жұмыстары жоспардан бір жыл төрт ай бұрын аяқталды. Бұл – өңірді газдандырудың іргетасы. Енді келесі кезеңде жергілікті әкімдік тарату желілерін салуды бастайды. Соның нәтижесінде 134 мың тұрғын тұратын 84 елді мекен газға қосылады», – деді ол.
Жергілікті тұрғындар да қуаныштарын жасырмады.
Үшарал қаласының тұрғыны Әбен Сақыпов бұл жаңалықты көптен күткенін айтты:
«1980 жылдан бері осында тұрамын. Қыста от жағу қиын, кейде жеті-сегіз ай бойы пеш жағамыз. Көмір мен отын дайындау – егде адамдар үшін ауыр жұмыс. Газ келсе, үлкен жеңілдік болмақ. Алғашқылардың бірі болып қосыламыз деп үміттенеміз», – деді ол.
«Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбыры өңірдің инфрақұрылымын дамытып, туризм мен шағын бизнестің өсуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады.

В Атырау +4