
Атырау қаласының орталығында оғаш жағдай орын алды: орталықтағы тутұғырда мемлекеттік ту теріс ілінген.
Қате ілінген тудың суреттері қала чаттары мен әлеуметтік желілерде жылдам тарады. Атырау тұрғындары мұны мемлекеттік рәміздерге құрметсіздік деп бағалады.
Куәгерлердің айтуынша, қателік түзетілгенше ту осындай күйде бірнеше сағат бойы ілініп тұрған.
«Қасынан өтіп бара жатып, тудың дұрыс ілінбегенін байқадым. Қазір түзететін шығар деп ойладым, бірақ ол ұзақ уақыт солай ілініп тұрды», — деді Атырау тұрғыны.
Атырау қаласы мен облысының символы боп саналатын тутұғыр қала әкімдігінің балансында. Алайда тұрғындар оның жағдайына ешкім бақылау жасамайтынын айтып отыр.
Әлеуметтік желілердегі қызу талқылаудан кейін ту алынып тасталды. Дегенмен қолданушылар бұл немқұрайдылыққа жол бергендерді анықтап, жауапқа тартуды талап етуде.
«Бұл жай ғана мата емес — бұл елдің символы. Мұндай жағдайларға көз жұма қарауға болмайды», — деп жазады тұрғындар.
Мақала жарияланған сәтте әкімдіктен ресми пікір болмады.
UPD: Атырау қаласы әкімдігінің түсіндірмесі:
«…17 қазанда туды көтеру кезінде мердігер ұйым қызметкерлері техникалық қате жіберіп, туды теріс іліп қойған. Бұзушылық дереу анықталып, ту талапқа сай дұрыс орналастырылды.
Анықталған құқықбұзушылық бойынша мердігер ұйымның қызметкері ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 458-бабы («ҚР Мемлекеттік рәміздерін пайдалану қағидаларын бұзу») бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды».
Аталған бапқа сәйкес, мемлекеттік рәміздерді пайдалану ережесін бұзғаны үшін 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде — 184 600 теңге (жеке тұлғаларға) айыппұл қарастырылған. Мердігер ұйым қызметкеріне дәл осындай жаза қолданылған.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау +3