Атырау, 6 қазан 13:20
 ашықВ Атырау +14
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Әрбір қыстаққа - жел генераторынан

2 018 просмотра

Исатай ауданындағы шалғай қыстақтарда малшыларға жел генераторын (суретте) тегін қондыру жұмыстары басталды.

Жел диірменін қондыруға кеткен шығын жергілікті бюджет есебінен өтелмек.

Исатай ауданы жұмыспен қамту орталығының директоры Қуандық САРИЕВ:

- «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына орай ауылдық жерлерде өз ісін көтеру және кәсіпкерлікті дамыту бағытында биыл жыл басында 40 адамға 120 млн теңге несие берілді. Ал жуырда 100 млн теңге бөлініп отыр. Бұлардың басым бөлігі мал шаруашылығын дамытуға жұмыстануда.

Несие қаржы алғандарды қолдау және инфрақұрылыммен қамту барысында бюджеттен 20 млн теңге бөлініп, алыс қыстақтардағы 8 отбасыға жел диірменін орнату, ал екі отбасын трансформатор, су сорғысымен қамту жүзеге асатын болды.   

Ауданнан 100 шақырымда орналасқан «Айбас», «Үштаған», «Бірлік» қыстақтарындағы шаруа отбасылары жарыққа қол жеткізе алмай, сығырайған шаммен отырып келген болатын. Осылайша теледидар көре алмаған шаруалардың жер-жаһандағы жаңалықтардан құр қалғанына қынжылып, жергілікті әкімдікке бірнеше рет жел диірменін алып беру жөнінде жазған өтініштері ақыры орындалып отыр. 

- Өтінішіміздің орындалатынына күмәнмен қарағанымыз рас. Өйткені қымбат тұратын қондырғыны алып беру оңай емес екенін жақсы түсінеміз. Бірақ тілегіміз аяқсыз қалмады.  Жуырда аудан әкімдігінің мамандары келіп, жел генераторын қондыра бастады, - дейді шаруалар.

Бүгінде біреуі 2 млн 273 мың теңге тұратын жел генераторы қондырғысын орнатумен «Колор-СТ» ЖШС айналысуда. Генератордың қуаттылығы арқасында малшылар теледидар көріп, тоңазытқыш пайдаланатын болды. Қондырғылардың акт бойынша қайтарымсыз берілетіні де малшыларға үлкен демеу болып отыр.     

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

19 қыркүйек 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.