Әлденеше рет ескерту жасағаннан кейін Атырау облыстық Экология департаменті Атырау облыстық ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотына қала тұрғындарын «ығыр қылған» тұтанғыш қоқыс орнының қызметін тоқтату туралы талап арыз берді.
Бұл - балансында дәурені өткен қоқыс полигоны бар «Арнаулы автобаза» КМК-не департаменттің жыл басталғалы берген екінші талап арызы. Шілде айында қалалық әкімшілік сотында сот ісін қарау барысында 9 шілдеде қоқыс орнында 400 шаршы метр аумақты қамтыған ауқымды өрт болғаны туралы айтылды. Сол кезде процесте департамент атынан сөз алған Атырау облыстық мемлекеттік экологиялық бас инспекторы Руслан ТӨКЕНОВ жыл басынан бері қоқыс орнында 5 мәрте өрт тіркелгенін және әр мәрте сайын «Арнаулы автобазаның» лауазымды тұлғалары әкімшілік жауапқа тартылғанын мәлімдеді.
Бұдан басқа, «Арнаулы автобаза» қызметін тексеру барысында 2012 жылы кәсіпорынның қоршаған орта эмиссиясына рұқсат алу қарастырылған талаптарды орындамағаны анықталды.
Сотта КМК өкілдері бұл талаптарды толық көлемде орындау мүмкін еместігін мәлімдеді. Ал сотта әлденеше рет орын алған өрт барысында тұрғындардың денсаулығына нұқсан келтірген ластаушы заттар нормативі мөлшерден асып кеткені расталды.
Нәтижесінде биылғы жылдың 29 шілдесінде Атырау қаласының әкімшілік соты «Арнаулы автобазаның» лауазымды тұлғаларын ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 240-2-бабының 2-тармағы («Экологиялық рұқсатта көрсетілген табиғат пайдалану шарттарын орындамау») бойынша кінәлі деп танып, 200 АЕК (346 200 теңге) мөлшерінде айыппұл салу туралы шешім шығарды. Сот, сондай-ақ, 2012 жылдың 1 қаңтарында қоқыс полигонының қызметіне берілген экологиялық рұқсаттың әрекетін бір айға тоқтатты.
«Арнаулы автобаза» қоқыстың қайтадан тұтануына жол бергендіктен, енді экология департаменті ауданаралық экономикалық сотында қоқыс полигонының қызметін тоқтату туралы мәселені қойып отыр.
Ал бізде ең маңызды сұрақ қалды: қоқыс орны толық жабылған жағдайда бүкіл қала қоқысы қайда тасталады? Мұны «Арнаулы автобазадан» анықтай алмадық: директоры сырқаттанып қалған, ал орынбасары еңбек демалысында жүр екен.
Әзірге жаңа полигонға қаланың оң жақ жағалау бөлігіндегі булану алаңының ар жағында Махамбет ауданына қарасты аумақта жер бөлінгені ғана белгілі. Ал әуежайдың жанында бұрынғы облыс басшылығы қомақты бюджет қаржыларын салған (талан-тараж еткен), ал ақыр аяғында бұл жерге салуға болмайтын боп шыққан аяқталмаған қоқыс полигонының құрылысы тоқтап тұр.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА