Атырау, 5 желтоқсан 13:51
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +3
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

​Жоғары жетістіктер спорты түрлері ресми бекітілді

422 рет қаралды
Сурет: freepik.com

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі жоғары жетістіктер спорты түрлерінің тізімін бекітті. Оған Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Азия пара ойындарының бағдарламасына енген 65 спорт түрі, сондай-ақ ұлттық спорт түрлері енгізілді.

Аталған спорт түрлері республикалық және жергілікті бюджет есебінен басымдықпен қаржыландырылады. Қаражат спорт резервін дайындауға, спортшылардың халықаралық жарыстарға қатысуына, оқу-жаттығу жиындары мен спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға, сондай-ақ инфрақұрылымды күтіп-ұстауға бағытталады.

65 спорт түрінің ішінен 46-сы басымдыққа ие деп белгіленді, олардың қатарында 11 ұлттық спорт түрі бар. Таңдау Қазақстан құрамаларының халықаралық жарыстардағы нәтижелеріне сүйене отырып жасалған.

Басқа спорт түрлері бұқаралық спорт қағидаты бойынша дамытылады. Жергілікті органдар спортшылардың ел чемпионаттары мен кешенді жарыстарға қатысуын қаржыландырады, ал халықаралық жарыстарға тек демеушілер немесе өз қаражаты есебінен қатыса алады.

Тізім жыл сайын жаңартылып отырады, бұл жоғары нәтиже көрсеткен спорт түрлерін қосуға мүмкіндік береді. Заң жобасына енгізілген түзетулерді қоғам өкілдері, депутаттар, спорт федерациялары, бапкерлер мен сарапшылар қауымдастығы әзірлеген.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, спорт саласында кешенді реформа жүргізілуде. Заң жобасында мынадай маңызды өзгерістер бар:

  • спорт клубтарын қаржыландыруға лимит енгізу;

  • шетелдік спортшыларды бюджет есебінен қаржыландыруға тыйым салу;

  • «басым спорт түрлері» ұғымын нақтылау;

  • федерацияларға діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу міндетін жүктеу;

  • федерацияларды аккредиттеу талаптарын күшейту;

  • «мүгедектігі бар спортшыны сүйемелдеуші» ұғымын енгізу;

  • мемлекеттік ұйым басшыларын ротациялау механизмі;

  • «спорттық дайындықтың ұлттық стандарттары» ұғымын бекіту.

Министрлік спорттың тұрақты дамуына жағдай жасап, ұлттық спорт түрлеріне олимпиадалық спорт түрлерімен тең мәртебе беріп, бюджет қаражатын тиімді жұмсауды қамтамасыз етеді.

10 қазан, 14:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.