
Супермаркеттер мен сауда орталықтарына жыл сайын адамдардың саны артып келеді. Бірақ кейде жайлылықпен қатар дау туындайды. Мысалы, қауіпсіздік қызметкерлері сөмкені арнайы ұяшыққа қалдыруды сұрайды немесе ашып көрсетуін талап етеді. Мұндай әрекеттер заңды ма? ҚР Сауда және интеграция министрлігі нұсқаулық жариялады.
1. Сөмкемен еркін кіру құқығы бар
- «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заң (24-бап) бойынша, әр азамат тауарлар мен қызметтерге еркін және қауіпсіз қол жеткізе алады. Бұл сіздің сауда залына сөмке немесе рюкзакпен еркін кіруіңізге құқық беретінін білдіреді. Сөмкені сақтау камерасына тапсыруға міндеттеме жоқ. Егер өз еркіңізбен келіссеңіз, ғана бұл әрекет заңға сәйкес болады. Мұны ҚР Азаматтық кодексінің 39-тарауындағы «Сақтау шарты» реттейді, ал 380-бап бойынша кез келген келісім өзара келісім арқылы жасалады.
2. Күзетшінің сөмкені ашып көрсетуі – міндетті емес
- Сөмкені тексеру – сыпайы өтініш, сіз бас тартуға толық құқыңыз бар. ҚР ӘҚБтК (16-бап) бойынша жеке тексеру тек әкімшілік құқық бұзушылық анықталған жағдайда, тек уәкілетті органдар – полиция қызметкерлері арқылы жүзеге асырылады. Мұндай тексеру бейнежазбаға түсіріліп, міндетті түрде хаттама толтырылуы тиіс (ҚР ӘҚБтК 791-бап). Күзетші сізді ұстауға немесе тексеруге құқылы емес; полицияны шақырып, олардың келуін күтуі керек.
3. Күзетшілердің өкілеттігі заңмен шектелген
- «Күзет қызметі туралы» Заң бойынша күзетшілер қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, мүлікті қорғайды, бірақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бұза алмайды. Олар жеке тексеру жүргізуге, тінтуге, заңсыз күш қолдануға немесе қозғалыс еркіндігін шектеуге құқылы емес. Өкілеттілікті асыра пайдалану ҚР ҚК 252-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
4. Құқығыңыз бұзылған жағдайда не істеу керек?
- * Сабырлы және сауатты әрекет етіңіз.
- * Заңсыз талаптан сыпайы түрде бас тартыңыз.
- * Полиция шақыруды ұсыныңыз.
- * Оқиғаны бейнежазбаға түсіріп немесе куәгерлерді тартып тіркеңіз.
- * Супермаркет әкімшілігіне немесе жергілікті полиция бөліміне шағым түсіріңіз.
Қысқаша айтқанда, сауда орнында сіздің құқықтарыңыз заңмен қорғалған, және оларды білу маңызды.
В Атырау +3