Атырау, 19 сәуір 14:54
 ашықВ Атырау +23
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Оқиғалар тізбегі

1 939 просмотра

Қыркүйектің 9-ында тал түсте Қызылқоға ауданының Миялы селосында белгісіз біреулер ЖШС-лердің бірінің базасының аумағынан 3 машина құмды-қиыршық тасты қоспаны ұрлаған. Бұл туралы 11 қыркүйекте полицияға шағым түсті. Ұрлық жасады деген күдікпен Алматы қаласының 35 жастағы тұрғыны ұсталды. Тергеу жүргізілуде.

***

Қыркүйектің 10-ына қараған түні Амандосов көшесінің бойындағы жеке үйде 20 жастағы қызды 30 жастағы жездесі зорлаған. Тергеу жүргізілуде.

***

Сарықамыс ықшамауданында белгісіз біреулер үй жанына қойылған «Фольксваген-Гольф» көлігінен ішінде 130 мың теңгесі бар сөмкені ұрлаған. Ақтөбе облысының 25 жастағы тұрғынына іздеу жарияланды.

***

Қыркүйектің 12-іне қараған түні Исатай АІІБ қызметкерлері Жасқайрат селосының маңында «Тойота-Ланд Крузер» көлігін тоқтатқан. Оның салонынан 334 келі қара балық табылыпты. Жүргізуші - Батыс Қазақстан облысының 37 жастағы тұрғыны ұсталып, басқа жаққа кетпеу туралы қолхатпен босатылды.

***

«Идеал Маркет» ЖШС директоры 9 және 12 қыркүйекте белгісіз бір жігіт пен қыздың супермаркеттердің бірінен 53 мың теңге болатын 8 банка албырт балығының уылдырығын ұрлағандығын полицияға хабарлады. Полицияға жұптың азық-түлік дүкенінен ұрлықпен айналысып жатқандығы түсірілген бейнежазба ұсынылды. Күдіктілердің жеке басы анықталып, оларға іздеу жарияланды.

***

Құлсары қаласында 13 қыркүйекте кешкісін учаскелік полиция инспекторы өтіп бара жатқан адамдарды ұсақ калибрлі ТОЗ-62 винтовкасымен қорқытқан 60 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Бұзақылық туралы қылмыстық іс қозғау жөнінде мәселе шешілуде.

***

Қыркүйектің 14-іне қараған түні Абай көшесінің бойында 45 және 28 жастағы екі ер адам төбелескен. Екеуі де бірін бірі айыптап, полицияға шағым түсіріпті.

***

Қыркүйектің 14-інде күндіз Авангардтағы 2-ші ықшамауданда су полициясының қызметкерлері 58 жастағы жүргіншіні ұстады. Оның жол сөмкесінен 14 келі қызыл балық табылды.

***

Қыркүйектің 14-інде күндіз «Дина» базарында Жамбыл облысының тұрғыны мен Ресей азаматы төбелесіп қалды. Қандары бастарына шапқан жігіттерді полиция қызметкерлері айырып алды. Олар полицияға шағым беруден бас тартты.

***

Полицияға Алмагүл ықшамауданының 28 жастағы тұрғынынан шағым түсті: тамызда көршісінің баласы оның ұлынан велосипедін сұрап алып, қайтармай жүр екен. 12 жасар баламен әңгіме жүргізіліп, көлік құралы иесіне қайтарылды.

***

Дамбы тұрғыны полицияға 2008 жылы Авангардтың 45 жастағы тұрғынының жер учаскесін алып беруге көмектесем деп өзінен 500 мың теңгені алып, қайтармағанына шағымданды. Алаяқтық жасады деп күдіктелген тұлғаға іздеу жарияланды.

***

Облыстық туберкулезге қарсы күрес ауруханасының екінші қабатында 6 қыркүйек күні таңғы сағат 5-те киім шешетін бөлмеде асылып қалған 16 жасар қыздың мүрдесі табылды. Курилкин маңындағы саяжай поселкесінде тұратын қыз биылғы жылдың шілдесінен бері ауруханада емделіп жүрген екен. Сараптама тағайындалды.

18 қыркүйек 2013, 14:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.