Халықаралық әуежай жолының сол жағында салынып жатқан 1200 орынға есептелген киноконцертзалы пайдалануға үстіміздегі жылдың аяғында берілмекші және ол Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына орайластырылған. Бұл туралы облыстық құрылыс басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ибрагим ӘМІРОВ хабарлады.
Құрылысты «Снабойлстрой» мердігерлік компаниясы жүргізеді. Жұмыс тәулік бойына жүргізіледі. Нысанды жобалау жұмысымен «АтлантБ» ЖШС айналысты. Сәулетшілердің пікірінше, зал дөңгелек болады, диаметрі 90 метр. Ғимараттың іргетасынан басталған биіктігі 28 метрді құрайды. Сахнаның параметрлері – ұзындығы 54 метр, ені-20 метр, биіктігі 16 метр. Жоғары қабаттарға Шаймардан Сариев атындағы облыстық өнер мұражайы өз раритеттерін орналастыратын болады. Тендер бойынша нысан 2012 жылдың аяғында тапсырылуы тиіс болатын, демек, құрылыс жұмыстары кестеден екі есе алда келе жатыр.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ