«Айс Транс Холдинг» ЖШС басшысы Мақсот СҮЙІНОВТІҢ айтуынша, қазір Атырауда күн сайын рейске 200-ге жуық автобус шығады екен. Орталық №2, 10, 6, 12, 14 және 30 маршруттар 70 орынды автобустармен қызмет көрсетеді. Қалғандары - «Газель» микроавтобустары мен орташа үлкендіктегі ПАЗ, «Хендай» және т.б. автобустар.
Үлкен 50 автобус «Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және көлік жолдары бөлімі» ММ-нен жалға алынған. Үлкен сыйымдылықтағы «Дэу-ВС-106» маркілі 10 автобус №14 маршрутта қолданылады. Жақында ғана алынған 10 қытайлық «Golden Dragon» автобустары (суретте) №12 маршрутта жұмыс істейді. Компания жыл аяғына дейін осындай автобустардың тағы бір партиясын алып, №4 «Нұрсая – «Дина» базары» бағытында пайдалануды жоспарлап отыр.
Нұрсая бұрынғыша тасымалдаушы үшін - проблемалы пункт. Ықшамауданда 50-ден астам көппәтерлі үйлер бар, биыл тағы 46 үйдің құрылысы басталды. Ал осынау үлкен тұрғын массивте мектеп жоқ. «Қаладағы» мектепке дейін жету үшін балалар бөшке ішіндегі майшабақ секілді «Газельдер» мен «Хендайларға» сығылыса тиеліп барады. Жылайды, қиналады, әйтеуір солармен жетеді. Ал Сүйінов ол жер сыйымды автобустар баратын жер емес, көшелері тар, жүргізушілерге жол-көлік оқиғасына кез болу қаупі бар деп есептейді.
Сыйымды «Дэу» автобустары қайтадан қолданылып жүрген №10 маршрут теміржол өткелінің жабылуына байланысты эксперимент ретінде Сарықамыс ықшамауданына дейін ұзартылған. Сүйінов бұл қадамның ақталғанын, «ондықтың» осы бағытта жүруді жалғастыратынын айтады.
Жол жүру билеттерін бермейтін кондукторларды және «қоян» жолаушыларды «қылмыс үстінде» ұстау үшін қаланың түрлі бөліктерінде автобустарды тоқтатып, билеттерді тексеретін 6 бақылаушыдан тұратын мобильдік топ құрылыпты. Жақында бақылаушылардың 20 күндік күндізгі рейстері аяқталған.
- Алақол кондукторларға не істейсіздер? – деп сұрадым мен.
- Сөгіс жариялаймыз, түсінік аламыз… - деп жауап берді Сүйінов.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ