
Бүгін Астанадағы Wabtec зауытында журналистерге арналған баспасөз туры өтті, оның барысында «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен Wabtec (АҚШ) компаниясы арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық жөніндегі жоспарлар мен жаңа локомотивтер ұсынылды.
«ҚТЖ-у тасымалы» ЖШС Бас директорының орынбасары Асан Үмбетов бұл біржолғы мәміле туралы емес, елді алдағы онжылдықтарға заманауи жылжымалы құраммен және кепілдендірілген сервиспен қамтамасыз ететін стратегиялық әріптестік туралы екенін атап өтті. Үш келісімшарттың жалпы сомасы 4,2 миллиард долларды құрайды.
Келісім бойынша:
- 2027-2036 жылдары 300 локомотив сатып алу (жыл сайын 30 бірліктен);
- сервистік шартты 405 локомотивке (бұрын сатып алынған) 2058 жылға дейін ұзарту;
- сатып алынатын локомотивтерге 18 жыл мерзімге толық сервистік қызмет көрсету (2054 жылға дейін);
- жылжымалы құрамды есепке алу, бақылау және диагностикалау үшін Кinetix цифрлық жүйесінің бес жиынтығын жеткізу;
- үш жыл ішінде 505 локомотивке арналған тежегіш цилиндрлер мен компрессорларды күрделі жөндеу;
- Шалғай өңірлерде сервистік орталықтардың қызметкерлері үшін әлеуметтік объектілер салу.
Жобаны қаржыландыру компанияның өз және қарыз қаражаты есебінен жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте сервиске арналған шығыстар кредиттерді тартпай-ақ ҚТЖ-ның өз кірістерінен толығымен жабылады.
Қазақстан Еуразияның негізгі көліктік-логистикалық хабына айналуда: ел арқылы Қытай, Орталық Азия елдері, Ресей және Еуропа арасындағы аса маңызды маршруттар өтеді. Соңғы жылдары тасымалдау көлемі бірнеше есе өсті және бәсекеге қабілеттілікті сақтау үшін заманауи және сенімді локомотив паркі қажет.
70-80 жылдары шығарылған қолданыстағы тепловоздар біртіндеп өз ресурстарын сарқуда және ауыстыруды қажет етеді. TЭ33AT сериялы жаңа локомотивтердің айқын артықшылықтары бар: отын шығынын азайту, тартудың жақсаруы, сенімділіктің жоғары деңгейі (парктің 95% дейін дайындығы). Сонымен қатар, локомотивтерде локомотив бригадалары үшін жайлылық (ауа баптағыш,тоңазытқыш, микротолқынды пеш, дәретхана)ажасалған. Тұрақты пайдалану сипаттамалары рельсті үрлеу жүйесі мен оське жүктеменің жоғарылауының арқасында тіпті қиын ауа-райында да қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ, шарт сервистік орталықтар орналасқан шалғай өңірлерде қызметкерлер үшін әлеуметтік объектілер салуды көздейді. Қазақстан тек ел үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін де локомотивтерге техникалық сараптама және сервистік қызмет көрсету орталығына айналуда.
В Атырау +3