Бүгін, 13 қыркүйекте таңертең хош иісті көмірсутек өндіру кешенін (ХӨК) салумен айналысып жатқан «Аспара АС» қосалқы мердігер мекемесінің 50 шақты жұмысшысы жұмысқа шықпай, Говоров көшесінің бойындағы компания кеңсесінің алдына жиналды.
Наразы болған жұмысшылардың (олардың көпшілігі Батыс Қазақстан облысынан) айтуынша, «Вега Старт» ЖШС тұлғасындағы жұмыс беруші бұрын да олардың жалақыларын уақытында төлемеген екен. Ал «Аспара АС» ЖШС боп атауын өзгерткеннен кейін, тіптен бірде бір рет ақша бермеген. Ереуілшілер облыстық «Нұр Отан» ХДП филиалы мен еңбек инспекциясына шағымданды.
Атырау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясының басшысы Салауат ИШАЙДЫҢ айтуынша, жұмысшылардың ереуілге шығуына түрткі болған проблеманы шешуді облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс МҰҚАН бақылауға алған.
Маусымда «КазСтройСервис» АҚ қосалқы мердігері боп табылатын «Вега Старт» ЖШС жұмысшылары еңбек инспекциясына жалақының кешіктірілуіне байланысты шағымданған. Кейіннен «Вега Старт» компаниясы келісімшарт бойынша өз құқығын «Аспара АС» ЖШС-не берген. «Веганың» ісін жалғастырушы компания ұжымға жалақы бойынша бережағынан құтылған, алайда тағы да проблемалар туындап отыр.
Бұл жолы еңбек инспекторлары мынадай тұжырымға келді: жұмыс беруші еңбекақыны 3 күнге кешіктірген. «Аспара АС» ЖШС басшылығы ақшаны бас мердігерден бүгін алғанын және жалақыны дүйсенбіде немесе сейсенбіде беретіндігін мәлімдеді.
Бұдан басқа, облыстық еңбек инспекциясы «Вега Старт» ЖШС-не зейнетақы жарналарын аудармайтындығы туралы жұмысшылардың шағымдары бойынша тексеру жұмыстарын бастады.
Бұл ХӨК құрылысына жұмылдырылған мердігер компаниялардың алғашқы ереуілі емес. Басты мәселе – еңбекақының кешіктірілуі. Биылғы жылдың шілдесінде «Вест Партнершип Констракшн» ЖШС жұмысшылары («Еңбек дауы» жарияланымын қараңыз), өткен жылдың мамырында - «ЕвразияСтройКапитал-2007» ЖШС («3 күнге созылған уәде» жарияланымын қараңыз) жұмысшылары ереуілге шыққан еді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ