Ресейдің Новгород облысында жүйке жүйесі ауруларына арналған аурухана өртеніп, онда болған 37 адам көз жұмды.
Қайғылы оқиға Лука деревнясында орын алған. Өртенген ғимарат "Оксочи" психоневрологиялық интернатының емдеу бөлімі екен. Соңғы деректер бойынша, онда болған 37 адам күйіктен және тұншығудан көз жұмса, тағы үш адам ауыр халде ауруханаға жеткізілген.
Қызыл жалын Мәскеу уақытымен түнгі үштер шамасында тұтаныпты. Сала мамандары хабарлағандай, өрт болған сәтте ғимарат ішінде 60 адам болған. Оның жиырмасын аурухана қызметкерлері қауіпсіз жерге шығарып үлгерген.
Алдын ала болжамдар бойынша, өртті емделіп жатқан науқастардың бірі қасақана тұтатқан көрінеді.
Қазір құқық қорғаушылар оқыс оқиғаға қатысты қылмыстық іс қоғады.
Дереккөз: Baq.kz